KZ
Өскемен
+7°
небольшая облачность жел 1 м/с, С
485.04 525.98 5.04

«Торпедо» Қазақстан кубогы үшін жарысты аяқтады

29.08.2024, 09:13 94 Нұржан Кенжеұлы

Өскеменде өтіп жатқан шайбалы хоккейден Қазақстан кубогы үшін жарыстың топтық кезеңі аяқталды. Өкінішке қарай, жергілікті «Торпедо» өз тобында үшінші орын алып, плей-офқа шыға алмай қалды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Топтық кезеңнің соңғы турында өскемендік команда былтырғы ел чемпионы Көкшетаудың «Арланымен» кездескен болатын. Жарысты жалғастыру үшін «торпедолықтарға» тек жеңіс қажет еді. Алайда, ойынды тым сылбыр бастаған жерлестеріміз алғашқы периодта-ақ өз қақпасына үш шайба жіберіп алды.

Екінші жиырмаминуттықта ғана есін жиған жігіттеріміз алдымен Стас Петросянның көмегімен есеп айырмасын қысқартса, үшінші кезеңде тіптен таразы басын теңестіріп кетті. Осы ретте айналдырған бір минуттың ішінде екі шайба соққан шабуылшы Герман Шапоревтің шеберлігін атап өткен орынды.

Дегенмен, бұдан артыққа «Торпедо» ойыншыларының шамасы жетпеді. Есесіне, кездесудің аяқталуына шамамен 12 минут қалғанда тағы бір рет өскемендік команданың қақпасынан саңылау тапқан көкшетаулық ұжым жеңісті есепті сақтап қалды. Қорытынды есеп 4:3 «Арланның» пайдасына.

Осылайша, өз тобындағы төрт ойынның екеуінде жеңіп, екеуінде қарсыласына жол берген «Торпедо» биылғы Қазақстан кубогы үшін жарыстың плей-офф кезеңінен тыс қалды.

Айта кетейік, доданың жартылай финалында «Құлагер» (Қызылжар) мен «Горняк» (Рудный), сондай-ақ «Арлан» (Көкшетау) мен «Сарыарқа» (Қарағанды) командалары финалға берілетін жолдамаларды сарапқа салады. Бұл ойындар 31 тамыз, сенбі күні Борис Александров атындағы Спорт сарайында өтетінін айту керек. Кіру тегін.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив