KZ
Өскемен
+8°
пасмурно жел 5 м/с, В
488.11 530.09 5.01

Өскеменде хоккейден ел кубогы үшін жарыс басталды

23.08.2024, 23:20 145 Нұржан Кенжеұлы

Өскеменде шайбалы хоккейден Қазақстан кубогы үшін жарыс басталды. Ерекше форматта өтіп жатқан биылғы додаға ұзын саны 10 команда қатысып жатыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Дәлірек айтсақ, биылғы жарысқа қатысушылар екі топқа бөлінген. Матчтары Өскеменде өтетін А тобында ел чемпионы «Арлан» (Көкшетау), «Хумо» (Ташкент), «Құлагер» (Қызылжар), «Алматы» мен «Торпедо» командалары өнер көрсетеді. Ал В тобының ойындары Қарағандыда  өтуге тиіс. Бұл топқа Павлодардың «Ертісі», Қарағандының «Сарыарқасы», Рудныйдың «Горнягы», Атыраудың «Бейбарысы» мен «Ақтөбе» түскен.

Бүгін Өскемендегі Борис Александров атындағы Спорт сарайында жарыстың алғашқы ойындары ойналды. Алдымен айдынға жарыс фавориттерінің бірі саналатын көкшетаулық «Арлан» мен кез келген команданы тізе бүктіруге шамасы жететін «Құлагер» беттеді. Аса тартысты өткен бұл ойында қызылжарлық команда жеңіске жетіп, турнирдің алғашқы сенсациясының авторы атанды. Есеп 3:1.
Бұдан кейін кезек жарыстың салтанатты ашылуына келіп жетті. Оған облыс әкімінің міндетін атқарушы Нұрымбет Сақтағанов қатысып, жиналған хоккейсүйер қауымды дүбірлі доданың басталуымен құттықтады.

– Құрметті өскемендіктер! Қадірменді спортшылар, жанкүйерлер! Баршаңызды облыс әкімі Ермек Көшербаевтың атынан осынау хоккей тойының басталуымен құттықтаймын! Бұл жарыстың Өскеменде өтуі бекер емес. Себебі, біздің қала Қазақстан хоккейінің отаны саналады. Осы ретте ұлттық құрама сапында өнер көрсететін ойыншылардың жартысынан астамы Өскемен хоккей мектебінің түлектері екенін ерекше атап өткім келеді. Хоккейшілерге спорт сарайын лық толтырған жанкүйерлер алдында тамаша ойын өрнегін көрсетуіне тілектеспін. Жарыс әділ өтіп, ең мықты команда жеңіске жетеді деп сенемін, – деді Н.Сақтағанов.

Жарыстың салтанатты ашылуынан кейін жергілікті жанкүйер асыға күткен ойын да басталды. Бұл «Торпедо» мен «Алматы» арасындағы кездесу еді. Биылғы маусымаралық үзіліс кезінде бапкерлерімен қатар, ойыншылар құрамын да едәуір жаңартып, жасартқан өскемендік команда әлі құрылу үстінде екені көрініп-ақ тұр. Биыл команда құрамын көптеген жаңа ойыншы толықтырды. Содан болар, хоккейшілердің мұз айдынындағы іс-қимылында үйлесім жоқ әзірге. Соған қарамастан, өз жанкүйерлері алдында өнер көрсеткен «торпедолықтар» жеңіс үшін аянып қалмады. Ойын барысында жеңіліп жатқанына қарамастан, қарсылас қақпасына оқтын-оқтын шабуылдар ұйымдастырып, қысымын әлсіретпеген біздің хоккейшілер ақыр соңында дегеніне жетті. Алдымен таразы басын теңестірген өскемендік команда үшінші кезеңде жеңіс шайбасын соғып, қоржынға алғашқы екі ұпайды салды. Қорытынды есеп 3:2.

– Жарыс біз үшін ауыр басталды. Дегенмен, хоккейде ешбір жеңіс оңайлықпен келмейтінін ұмытпау керек. Әр ұпай үшін күресуге тура келеді. Жалпы, маусымаралық үзіліс кезіндегі оқу-жаттығу жиындары ойдағыдай өтті деп айта аламын. Биыл клуб басшылығы алдымызға ең жоғары мақсаттарды қойып отыр. Қазақстан кубогы, ел чемпионаты сияқты жарыстарда жеңіске жетіп, жанкүйерлерімізді қуантқымыз келеді. Бұған әлеуетіміз жетеді, – дейді «Торпедоның» шабуылшысы Алексей Зубов.  

Айта кетейік, 28 тамызда Қазақстан кубогы үшін жарыстың алғашқы, яғни топтық кезеңінің кездесулері мәресіне жетеді. Әрі қарай, үздік төрт команданы плей-офф аясындағы жартылай финалдар мен финал күтіп тұр. Шешуші матчтар Өскеменде 31 тамыз бен 1 қыркүйекте өтеді деп жоспарланған.


Фото: Нелли Петенева

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив