1439 байланыс орталығы дәрі-дәрмек бойынша 39 мың өтініш қабылдады
depositphotos.com
«СҚ-Фармация» Байланыс орталығы 1439 нөмірі арқылы 39 мыңнан астам өтініш қабылдады. Бұл нөмірге қоңырау шалу барлық ұялы және қалалық телефондардан тегін, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Көбіне азаматтар қант диабеті, эпилепсия, артериялық гипертензия, ревматоидты артрит, онкологиялық аурулар, өкпенің созылмалы обструктивті ауруы, аритмия және склероз кезінде емдеуге қажетті дәрі-дәрмектер бойынша хабарласқан.
Байланыс орталығының бастығы Баян Рүстембекованың айтуынша, операторлардың барлығы медициналық немесе фармацевтикалық білімі бар мамандар, сондықтан мемлекеттік және орыс тілдерінде кәсіби кеңес бере алады. Орталық дүйсенбі-жұма күндері сағат 09:00–18:30 аралығында, сенбі күні 09:00–13:00 аралығында жұмыс істейді. Жексенбі – демалыс күні.
Орталық ТМККК және МӘМС аясында тегін берілетін дәрілік заттардың бар-жоғын, жеткізілуін, медициналық ұйымдардағы дәрілердің қалдығы мен жөнелту кестесі туралы ақпарат ұсынады. Сонымен қатар, 1439 нөмірі сенім телефоны қызметін де атқарады.
Денсаулық сақтау министрлігі мен «СҚ-Фармация» компаниясы қазақстандықтарды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмыстарды жалғастыруда.