KZ
Өскемен
-1°
небольшой снег жел 4 м/с, ОБ
499.65 582.89 6.47

Мектептердің оқу бағдарламасы «Таза Қазақстан» құндылықтарымен толықтырылады

Бүгін, 11:30 61 Ержан Әбіш

Еліміздің білім беру жүйесінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген «Таза Қазақстан» бастамасын енгізу бағытында ауқымды жұмыстар басталды. Бұл бастама бүгінде жалпыұлттық деңгейде қолдау тауып, экологиялық мәдениетті қалыптастыру мен қоғамның жауапкершілік деңгейін арттыруға бағытталған маңызды идеологиялық платформаға айналды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен кеңесте Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова атқарылып жатқан жұмыстар туралы кеңейтілген есеп берді.

Министрдің айтуынша, «Таза Қазақстан» бастамасын білім мазмұнымен сабақтастыра енгізу – оқыту мен тәрбие процесін жаңа деңгейге көтереді. Жаңартылған оқу бағдарламаларына экологиялық мәдениет, табиғатты қорғау, тұрақты даму, ресурстарды ұтымды пайдалану мәселелері бұрынғыдан да тереңірек енгізілді. Бұл пәндерге тек теориялық түсініктер ғана емес, практикалық зерттеу дағдыларын қалыптастыруға бағытталған тапсырмалар мен жобалық жұмыстар қосылды.

Жаңартулар жаратылыстану пәндерімен қатар, физика, химия, биология, география, қазақ тілі мен әдебиеті, адам және қоғам, технология, бейнелеу өнері сияқты пәндердің мазмұнына да енгізіліп отыр. Мәселен, оқушылар энергияны үнемдеу технологияларын зерттеп, тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау дағдыларын меңгереді, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану жолдарын тәжірибе арқылы үйренеді. Бұл өзгерістер экологиялық сауаттылықты арттырумен қатар, оқушыларда табиғатқа жанашырлық пен жауапкершілік сезімін нығайтуға бағытталған.

Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, «Таза Қазақстан» бастамасы тек сабақ мазмұнымен шектелмейді. Бүгінде білім жүйесінде жүзеге асып жатқан «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасының үш негізгі бағыты – Заң мен Тәртіп, Еңбек адамы және «Таза Қазақстан» идеясымен тоғысып, тәрбиенің жаңа форматын қалыптастырып отыр. Бағдарлама аясында мектептерде экологиялық акциялар, сенбіліктер, ағаш отырғызу шаралары, үй іргесін таза ұстауға бағытталған отбасы акциялары тұрақты түрде ұйымдастырылады.

Сонымен қатар министрлік «Таза Қазақстан» идеясын кеңінен насихаттау мақсатында алты әлеуметтік жобаны іске қосқан. Соның бірі – жастар арасында ұйымдастырылған эссе байқауы. Бұл шара жасөспірімдердің экологиялық мәдениеті мен азаматтық жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Жобаларға тек оқушылар ғана емес, ата-аналар, педагогтер және жергілікті қауымдастық өкілдері де кеңінен тартылып отыр.

Қазіргі таңда «Жасыл балабақша» жобасы белсенді дамуда. Еліміз бойынша 186 мектепке дейінгі ұйым осы жобаға қосылып, балалардың табиғатты тану және оған қамқорлық жасау дағдыларын ерте жастан қалыптастыруда. Ал мектептерде 125 мыңнан астам оқушыны біріктіретін 4 мыңнан астам «Жасыл клубтар» жұмыс істеп тұр. Бұл клубтар экологиялық жобалармен айналысып, зерттеу жұмыстарын жүргізіп, табиғатты қорғау мәдениетін мектеп ортасында қалыптастыруға атсалысып келеді.

Сонымен бірге еліміздің барлық өңірінде 40 мыңнан астам баланы қамтитын жас натуралистер мен жас туристер станциялары бар. Бұл орталықтарда оқушылар табиғатты зерттеп, жорықтарға қатысып, экологиялық экспедицияларға шығып, қоршаған ортаны қорғауға арналған нақты іс-шараларды атқарады.

Жалпы, «Таза Қазақстан» бастамасының білім беру саласына енгізілуі – тек экологиялық тәрбие мәселесі ғана емес, болашақ ұрпақтың елге, қоғамға және табиғатқа деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған кешенді өзгеріс. Министрлік алдағы уақытта да осы бағыттағы жұмыстарды кеңейтіп, білім беру мазмұнын ұлттық деңгейдегі құндылықтармен толықтыруды жалғастырмақ.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу