KZ
Өскемен
-1°
небольшой снег жел 3 м/с, З
504.49 587.73 6.57

Шығыстың жас құтқарушылары үздікті анықтады

Бүгін, 11:00 82 Базарова Айгүл

Шығыс Қазақстан облысының ТЖД ұйымдастыруымен спорт манежінде ерекше рухта өткен жарыс жас ұрпақтың батылдығын, төтенше жағдай кезіндегі жылдам шешім қабылдай білудегі зеректігін көрсетті. Бұл сайыс – жыл сайын дәстүрге айналып келе жатқан, «Жас құтқарушы» орталығының бұрынғы басшысы Е.Ф. Шатурныйды еске алуға арналған тағылымды шара. Құрмет пен жауапкершілік ұштасқан осы жарыста жас құтқарушылар тек бір-бірімен бақ сынасып қана қоймай, адам өмірін сақтап қалу жолындағы нағыз әрекеттерге дайын екендігін дәлелдеуге тырысты, деп хабарлайды Altainews.kz.

Жарыс кезеңдері қарапайым ойын емес — өмір сынағының шағын үлгісі. Қатысушылар алғашқы медициналық көмек көрсету, зардап шегушіні тасымалдау, өрт сөндіру эстафетасы, түрлі кедергілерден өту және төтенше жағдайлар кезіндегі мінез-құлық ережелерін іс жүзінде барынша көрсетіп бақты. Әр тапсырма – жылдамдықты ғана емес, сабырды, білімді және командалық үйлесімді талап етті.

Спорт манежіндегі атмосфера ерекше болды. Трибунадағы қолдаушылардың қуанышты үні, желбіреген командалық жалаулар, жасөспірімдердің жанкешті талпынысы — бәрі бір сәтке болса да шынайы құтқару операциясын елестетті.

ШҚО ТЖД ТЖ жою басқармасының бастығы Эльдар Шаймарданов жас қатысушылардың дайындығына жоғары баға берді.

«Осындай іс-шаралар біздің департаментте дәстүрге айналған. Жас құтқарушылар төтенше жағдайлар кезінде өзін қалай ұстау керегін нақты көрсетті. Бұл — тек жарыс емес, болашақ мамандардың қалыптасуы», — деді ол.

Қызығы мен тартысы қатар өрбіген додада 13 команда бақ сынады. Жеңіс тұғырына алғаш болып №29 мектептің құтқарушы жасақтары көтеріліп, Бас жүоде иегері атанды. Ал бірінші орынға №37 және №39 мектеп командалары тең көрсеткішпен табан тірелі. Күміс жүлде №22 мектепке бұйырса, қола медаль №16 орта мектеп оқушыларына табысталды.

Бұл жарыс – жас жүректердің болашақ кәсібіне қарай нық қадам басуы. Құтқарушы болу – батылдықтың өлшемі, ал сайыс соның алғашқы баспалдағына айналды. Балалар алған білімін тәжірибеде қолдануды үйреніп қана қоймай, төтенше жағдайда өзгенің өмірін құтқаруға дайын болудың мәнін түсінді. Ең үлкен жеңіс — медаль емес, қауіпсіздік мәдениетін бойға сіңіру.

Жарысқа келген әр жас құтқарушының жүрегінде жанған алау — жақынға қол ұшын созу, өмірді сақтап қалу, елге қызмет ету. Болашақта сол алау қаншама тағдырды жарыққа бастарын кім білсін?..

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу