«Сіз жалғыз емессіз»: Өскеменде отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы акция өтті
Өскемендегі сауда орталықтарының бірінде «Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн» халықаралық кампаниясы аясында ерекше мәнге ие акция ұйымдастырылды. Бұл – жай шара емес, қиындықпен кездескен әр жанның жүрегіне жылу, жанына демеу сыйлауға бағытталған ізгі қадам, деп хабарлайды Altainews.kz.
Шығыс Қазақстан полициясының Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес бөлімі мамандары қала тұрғындарына маңызды ой жеткізу үшін халық арасына шықты. Миссиясы – үнсіздіктің құрсауын бұзу, күрмеуі қиын мәселелерді ашық айтуға мүмкіндік беру, көмекке қол созудан қорықпауға шақыру. Әр адам, тіпті ең қиын сәттің өзінде, жалғыз емес екені еске салынды.
Сауда орталығының кең алаңында ашық ақпараттық аймақ ұйымдастырылды. Мұнда кез келген қала тұрғыны бірнеше минут аялдап, мамандарға сұрақ қойып, нақты кеңес ала алды. Қызметкерлер зорлық-зомбылықтың алғашқы белгілерін қалай байқау керектігін, қандай қорғану тетіктері барын, көмекке қайда және қалай жүгінуге болатынын түсіндірді. Әңгімелер ресми емес, еркін, сенімге толы форматта өрбіді. Қалай дегенмен, көзге көрінбейтін жараның жазылуы да осындай жылы диалогтан басталады.
Қатысушыларға дағдарыс орталықтарының, сенім телефондарының және тәулік бойы қызмет көрсетуге дайын қолдау орталықтарының мекенжайы мен байланыс нөмірлері көрсетілген ақпараттық буклеттер таратылды. Егер біреу көмекке зәру болса – қайда барарын білетіндей.
Акцияның ең әсерлі тұсы — қысқа да нық, жүрекке жететін қолдау сөздер жазылған кішкентай карточкалар. «Сен жалғыз емессің!», «Өзіңе сен!», «Дауысыңды шығарудан қорықпа!» — бұл сөздер көмекті алыстан күтпей-ақ, дәл қасымызда барына меңзегендей.
Шараның түпкі мақсаты айқын – ол зорлық-зомбылықты жабық әңгіме күйінде қалдырмау, мәселені ашық айтуға батылдық беру, қоғамда қауіпсіз орта қалыптастыруға әр адамды үлес қосуға шақыру. Себебі үнсіздік — құрбандыққа, ал бірге әрекет ету — құтқаруға апарар жол.








