Тегіс жол, тентек жылдамдық
Жол – өркениеттің күретамыры. Қай өңірдің өсу қарқынын бағамдасаңыз да, өркениет өрісінің кеңге жайылуы жол төселумен басталғанын аңғару қиын емес. Экономиканың қарыштауы, туризм есігінің айқара ашылуы, алыстағы ауыл өмір сапасының жақсаруы да жолға байланысты екені баршаға мәлім. Жол бар жерге жүк келеді, жолаушы жүреді, сауда айналады, қызмет өркендейді. Елді мекенге тыныс сыйлап, кәсіпкерлікті жандандырып, сырттан ағылар туристердің санын көбейте түседі. Десе де, жол – тек дамудың емес, қауіптің де тасымалдаушысы екенін де ұмытпаған абзал ма? Табыс жүретін жерде, табыт та жүреді ме дерсің... Жүргізушінің бір сәттік қателігі, табиғаттың тосын мінезі немесе техниканың күтпеген ақауы үлкен қайғыға ұласатыны жасырын емес. Соңғы жылдары, жол-көлік оқиғаларынан қаза тапқандар саны азаймақ түгіл, бір оқиғада бір отбасы ойран болатын жағдайлар естіген құлаққа қалыпты болып барады. Altainews.kz редакциясының бұл мақаласы тегіс жолдағы тентек жылдамдықтың салдарына арналады.
СТАТИСТИКА СӨЙЛЕЙДІ: МЫҢ АПАТТЫҢ АЙТАРЫ
Сыны мен міні болса да, облыс пен облысты, аудан мен ауданды жалғаған жолдар сапасы жыл өткен сайын жақсарып келеді. Тегіс асфальт, анық таңба, кең алаң жүргізушілерді “қауіп азайды” деген жалған сенімге еліктіріп жібереді. Бір қызығы, психологтар мұны «жүргізушіге түсетін когнитивтік жүктеменің жеңілдеуі» деп сипаттайды. Яғни, шұңқырдан қашып маневр жасамай, жолдың әр сантиметрін аңдымайтын халге түседі. Нәтижесінде назары босап жылдамдықты арттыруға итермелейді. Бұл жол апатына әкелер факторлардың бірі ғана. Енді, полиция департаменті ұсынған статистикаға көз жүгіртейік.
Әр көрсеткіш – жүргізуші тәртібінің айнасы. Әсіресе, жылдамдықты асыру – қазіргі заман жүргізушілерінің “жасырын әдетіне” айналғандай Ағымдағы жылдың 10 айында облыстың автожолдарында 59 836 жылдамдық режимінің бұзылуы анықталды. Өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда анықталған бұзушылықтар саны бойынша 9 169 фактіге (59 836-дан 50 667-ге дейін) өсім байқалды.
Айта кету керек, өңірдегі жол-көлік оқиғаларының ең көп тіркелетін бағыттары да белгілі. “Өскемен – Алтай – Үлкен Нарын – Рахман қайнарлары” трассасында 48, ал “Алматы – Өскемен – Шемонаиха – РФ шекарасы” бағытында 29 апат тіркелген. Туристік ағымы көп, трасса жүктемесі жоғары бұл жолдар қауіпсіздікке қосымша талап қояды.
ALPHARD ПЕН ESTIMA: МИНИВЭННІҢ МІНЕЗІ – ЖҮРГІЗУШІ ЖАУАПКЕРШІЛІГІНДЕ
Жолдар жақсарып, қозғалыс мәдениеті жаңғырып келе жатқан кезеңде бір «кереғар құбылыс» қалыптасып отыр. Жолаушы тасымалының «ыңғайлы әрі қолжетімді» символына айналған Alphard пен Estima көліктері бір мезетте қауіп-қатер ұғымымен де қатар атала бастады. Соңғы жылдары дәл осы минивэндермен болған жол-көлік оқиғалары жиілеп, әрбір апаттың арты бірнеше адамның өлімімен немесе ауыр жарақатымен аяқталуы қоғамда үлкен алаңдаушылық тудырды.
Тіпті, Парламентте де бұл мәселе көтеріліп, бірқатар депутаттар «оң рөлді Alphard пен Estima көліктерін жолаушы тасымалына мүлде тыйым салу керек» деген ұсыныс тастады. Әрине, «әй дейтін әженің, қой дейтін қожаның» болған дұрыс та. Себебі, статистика жалаң суретінің кескіні айқын. Бір минивэн жарым-жартылай емес, кішігірім автобусқа шақ адамға толы болғандықтан, бір апат – бірнеше тағдырын қиып әкетеді. Шығыс Қазақстан облысында да мұндай жағдай тіркелген.
ЖОЛ ЖҮРУ МӘДЕНИЕТІ ЖӘНЕ ЖАСТАР
Кімнің қандай мінезі бар, сабыры мен салмағы қаншалық екенін көбіне жол үстінде көруге болады. Бүгінгі жастар – өзгерісті тез қабылдайтын, жылдам шешімге келіп, уақытты үнемдей білетін, еркін буын. Бірақ осы еркіндік пен жылдамдықты кейде рөлге отырғанда да бірге ала жүреді. Жас жүргізушілердің тәжірибесі аз, назар тұрақтылығы әлсіз, эмоция басым. Қозғалыстағы ықтимал қауіпті жағдайды алдын ала сезу, айналадағы объектілердің қозғалысын болжау, тежегішті уақытында басу сияқты дағдылар жылдармен жетіледі. Бұл туралы полиция департаментінің мамандары да мәлімдейді.
Сонымен қатар, жас жүргізушілер көбінесе ауа-райына, жаңбырға, қарға, мұзға байланысты жүргізу стилін реттемейтініне, бұл көлікті басқаруда қиындықтыққа әкелетініне назар аударады. Аталған олқылықтар тұрақты тәжірибенің, қосымша оқытудың маңыздылығын және жас жүргізушілер үшін алаңдаушылықты азайту қажеттілігін көрсетеді. Ал жастардың мәдениетіне қатысты тәжірибелі жүргізушілердің пікірі келесідей.
ЖОЛҒА ДАЙЫНДЫҚ ШАРАЛАРЫ
Жол қауіпсіздігі – техникалық талап қана емес, адам өміріне деген құрметтің көрінісі. Осы тұрғыдан ШҚО полиция департаментінің алыс сапарлар мен қолайсыз ауа райы кезінде жүргізушілерге үнемі ұсынып отыратын кеңестері – құрғақ ресми мәлімдеме емес, өмірдің өзінен алынған ескертулер.
Полицияның айтуынша, ұзақ жолдағы ең бірінші қауіпсіздік кепілі – жол жүру ережелерін толық сақтау. Бұрыннан таныс қағидалар секілді көрінгенімен, статистика дәл осы қарапайым талаптардың жиі бұзылатынын көрсетеді. Ұялы телефонға бір сәт назар аудару, жол бойындағы шаршауды елемеу, жылдамдықты асыру – апатқа әкелетін ең жиі себептердің үштігі. Ал мас күйінде көлік жүргізу – тек заң бұзушылық емес, өз тағдырыңды да, өзгенің өмірін де қатерге тігу.
Алыс сапарға шықпас бұрын автокөліктің техникалық жағдайын тексеру – полиция тарапынан да бірнеше рет ерекше атап көрсетілетін маңызды қадам. Бұл тек май деңгейі мен дөңгелек қысымын өлшеу ғана емес. Шина протекторынан бастап, жарық құрылғыларына, тежегіш жүйесіне, алғашқы көмек қобдишасына дейін – барлығы да соңғы нәтижеде тағдыр шешетін сәтке айналуы мүмкін. Техниканың күтімі – өз өміріңе деген жауапкершілік.
Көп жүргізуші жолға шыққанда тек бағытты ойлайды. Бірақ полицияның ұсынысы – ауа райына міндетті түрде назар аудару. Боран, тұман, көктайғақ – табиғаттың тосын мінезі жүргізушілердің шеберлігін сынап, қателікті кешірмейді. Сол себепті сапар уақытын ауа райына қарай жоспарлау, қажет болса жолға мүлде шықпау – әлсіздік емес, даналық.
Мамандар жолға шығуда жиі жіберілетін қателіктерді де атап өтті. Полиция департаментінің айтуынша, жүргізушілердің көпшілігі автокөліктің техникалық жарамдылығын тексеруде терең диагностика емес, үстірт көз жүгіртуге ғана сүйенеді. Беткі көрініс дұрыс болса, «бәрі жақсы» деген жалған сенім пайда болады. Ал кішкене шу, рульдің жеңіл тартуы немесе бақылау тақтасындағы ұсақ индикаторлардың жанып-сөнуі көбіне назардан тыс қалады. Шын мәнінде, дәл сол ұсақ белгілер болашақ апаттың алғашқы ескертуі болуы мүмкін.
Ал кәсіби жүргізушілер жалпы талаптардан бөлек, адам өмірін сақтап қалатын айлаларға да жүгінген артық етпейтінін айтады.
ҰЗАҚ САПАР: ӘР ШАҚЫРЫМ – СЫНАҚ
Қыстың қақаған боранды күні, күздің қою тұманы немесе көктем мен күздің көктайғаққа айналған жолдарында әрбір адамның тағдыры ауа райының мінезіне тәуелді болып қалады. Ал сол мінезді бағындыру үшін ең әуелі адам да, техника да, тәртіп те сынға түседі. Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ететін негізгі күш – патрульдік полиция мен құтқарушылар – дәл осы қиын шақтарда екі еселенген жүктемемен жұмыс істейді.
Боран соғып, алды-артың көрінбейтін сәтте немесе тұман жолды тұмшалағанда патрульдік полицияның бір күндік жұмысы бірнеше есеге күрделене түседі. Қолайсыз ауа райында қозғалыс баяуламайды, бірақ қауіп күрт артады. Сол себепті полиция күшейтілген режимге көшіп, жолдағы әрбір шақырымға тірек болады.
Мұндай кезеңдерде жол-көлік оқиғаларының саны артатыны – тәжірибе талай дәлелдеген ақиқаты. Бірақ мәселе тек апат санында емес. Жолдың шетіндегі қар құрсауында қалған көліктер, кюветке сырғанап кету, двигательдің қатып қалуы, дөңгелектің жарылуы – полиция қабылдайтын шақырулардың санын көбейтеді. Әрбір шақыру – тек техникалық көмекке байланысты емес, көбіне адамның амандығын қамтамасыз етуге бағытталған тәуекелді миссия.
Дәл осы кезде қалааралық трассалардың тағдыры да полицияның жауапкершілігіне өтеді. Ал күрделі ауа райында трассалардың жабылуы – жүргізушілердің көңіліне ауыр тигенімен, қауіпсіздік тұрғысынан ең дұрыс шешім. Полиция бұл ақпаратты БАҚ, әлеуметтік желілер, жедел байланыс арқылы таратып, жолға шыққалы тұрғандарды сақтануға шақырады. Қажет болған жағдайда жолдарға бекеттер қойылып, қозғалыс толықтай тоқтатылады.
Патруль қызметкерлері осының бәрін төмен көріну деңгейінде, ашық аспан астындағы қақаған суық пен қатты желде атқарады. Үнемі қозғалыста, үнемі сақтықта. Бұл – төзімділік пен кәсіби табандылық талап ететін жұмыс.
Қолайсыз ауа райында бір ведомствоның ғана күші жеткіліксіз. Сондықтан дәл осындай сәттерде полиция департаменті төтенше жағдайлар департаментімен бірлесіп әрекет етеді. ТЖД – табиғаттың дүлей мінезіне жауап беретін құрылым; ал полиция – тәртіп пен қозғалыстың сақталуына жауап береді.
Екі құрылымның үйлесімді жұмысы мына бағыттарда күшейтіледі:
- жолдарды тазарту және көктайғаққа қарсы материалдар себу үшін жол қызметтерімен байланыс,
- қар мен мұз құрсауында қалған көліктерді эвакуациялау,
- жүргізушілерді жылыту бекеттеріне жеткізу,
- жолда тұрып қалған адамдарды аман алып шығу,
- қауіпті учаскелерді толықтай жабу немесе айналма жолдармен бағыт беру,
- құтқару техникасын үйлесімді пайдалану.
Бұл кезеңде екі қызмет – бір-бірінің жалғасы. Полиция жолды қорғайды, ТЖД адамды қорғайды. Екеуі де – жолдың екі қапталында тұрған қауіпсіздік қалқаны. Ауа райы ескертуін елемейтіндердің қаупі – өзіне де, өзгеге де ортақ қатер.
Қолайсыз ауа райы туралы ресми ескерту жасалғанда, көпшілігі сапарды кейінге қалдырады. Алайда жыл сайынғы бақылаулар көрсеткендей, жүргізушілердің бір бөлігі бұл ескертулерге мән бермейді. Дауыл, боран, көктайғақ туралы хабарға қарамастан, сапарын жалғастыруға толық дайын тұрады.
Осындай әрекет – жеке тәуекел ғана емес, жолдағы басқа жүргізушілер мен жолаушылар үшін де қауіп. Қысқы дауылда бір ғана көліктің бақылаудан шығуы – бірнеше көліктің тізбекті апатына әкелуі мүмкін.
Заң бойынша, уәкілетті органның талаптарына бағынбау – ҚР ӘҚБтК-нің 667-бабын бұзу болып саналады.
ҚОРЫТЫНДЫ СТАТИСТИКА
Полиция департаменті жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету тек айыппұл немесе жазалау арқылы емес, ең алдымен бағдарлау, алдын алу және бақылауды күшейту арқылы жүзеге асатынын атап өтеді.
Қала сыртындағы трассаларда жылдамдық режимін бұзушылықтарды анықтау үшін жаңа буындағы 22 мобильді кешен – “Кибер-шериф” және “EkinPatrol G2” жүйелері тұрақты қолданылып келеді. Осы техниканың көмегімен биылдың өзінде 12 мыңнан астам құқық бұзушылық тіркелді. Бұл тек жылдамдықты ғана емес, жолдағы тәртіпті сақтау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған жүйелі бақылаудың нәтижесі.
Сонымен қатар, апаттылықтың алдын алу мақсатында патрульдік полиция нарядтарының тығыздығы артты: бұрын бір учаскеге 2 экипаж бөлінсе, қазір қауіпті аймақтарда олардың саны 4-ке дейін көбейтілді. Қосымша нарядтар қойылған авариялық-қауіпті учаскелер сараланып, тәулік бойы бақылауда ұсталады.
Жол қозғалысының қауіпсіздігін нығайту шеңберінде жыл бойы “Қауіпсіз жол”, “Автобус”, “Назар аударыңыз, балалар!”, “Мас жүргізуші” секілді 15 жедел-профилактикалық іс-шара өткізілді. Олардың нәтижесінде 252 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, 1 000-нан аса жүргізуші әкімшілік қамауға алынды, ал 1 300-ден астам азамат көлік құралын басқару құқығынан айырылды.
Бұл шаралардың барлығының түпкі мақсаты – жазалау емес, қоғамда жол жүрісіне деген ортақ жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру, әрбір жүргізушіні тәртіпке шақыру және жолдағы адам өмірінің құнын түсіндіру. Сондықтан полиция қызметкерлері қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы бұл жұмыстар алдағы уақытта да күшейтіліп, жүргізушілермен бірлескен мәдениет қалыптастыруға басымдық берілетінін жеткізеді.
ЖАУАПКЕРШІЛІК АРТСА...
Соңғы жылдары елімізде жол инфрақұрылымын жаңғырту жүйелі түрде қолға алынды. Бұрын шұрық-тесік, ойлы-қырлы трассаларда абайлап жүруге мәжбүр болған жүргізушілер енді кең әрі тегіс жолмен емін-еркін қозғалады. Жолдардың жақсаруы – жақсы жаңалық. Бірақ осы жақсы жаңалықтың тасасында, көпшілік байқай бермейтін бір заңдылық жатыр: жол сапасы артқан сайын, жүргізушілердің жылдамдықты арттыруға бейімділігі де өсе түседі. Бұл тек инерция ғана емес – адамның когнитивті жүктемесі азайған сәтте қауіпсіздікке деген ішкі бақылауы әлсірейді.
Бірақ мәселе жылдамдықта ғана емес. Жүргізушінің ішкі жауапкершілігі төмен болған сайын, қауіп те артады. Статистика мен тәжірибе көрсетіп отырғандай, жылдамдықты арттыру мен тәртіпсіздік – егіз ұғым. Бірі екіншісінен туындайды, және көбіне апаттың түпкі себебі – жауапкершіліктің төмендігі. Бұл қос факторды бір-бірінен нақты ажырату қиын. Бірақ олардың қауіп төндірудегі үлесі, жолдағы тәртіпті бұзу үдерісіне әсері – талассыз ақиқат.
Осы тұрғыдан келгенде, Ішкі істер министрлігіне жол қозғалысына қатысты заңнамаларды қатаңдату немесе ізгілендіру туралы халықтан келіп түсетін ұсыныстар – тек заңгерлік бастама емес, қоғамның ішкі күйін көрсететін көрініс. Бұл ұсыныстардың бір бөлігі 2024–2025 жылдары қабылданып, нақты құқықтық түзетулерге ұласты. Ондағы мақсат – апаттар санының артуымен күресіп қана қоймай, жүргізуші жауапкершілігін заңмен бекітіп, ішкі мәдениетті қалыптастыру.
Сол себепті жол сапасы жақсарғанда, құқықтық тәртіп пен азаматтық жауапкершілік те қатар дамуы керек. Тегіс асфальт – жайлылық сыйлайды, ал жауапкершілік – қауіпсіздік әкеледі. Егер осы екеуі тең жүрсе, жол – өмірдің нағыз мүмкіндігіне айналады. Ал егер бірі екіншісінен озып кетсе, онда мүмкіндік – қауіпке, жылдамдық – қатерге айналары сөзсіз.
Айдос Мырзахметов




