Жалған дипломдармен күрес күшейді: министрлік тексеру тетіктерін нығайтты
Елімізде дипломдардың түпнұсқалығын растау жүйесі жетілдіріліп, заңсыз айналымның алдын алу жұмысы күшейтіліп отыр. Интернетте жалған құжаттар көбейіп жатқан тұста салалық министрлік деректер базасын жаңартып, QR-код арқылы тексеру мүмкіндігін кеңейтті, жоғары оқу орындарының жауапкершілігін арттырды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі жоғары оқу орындары мен жұмыс берушілердің сенімін қамтамасыз ету мақсатында дипломдардың түпнұсқалығын тексеру және заңсыз айналымның алдын алу жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеді. Интернет кеңістігінде жалған дипломдар мен білім туралы құжаттардың заңсыз айналымы жөнінде ақпарат көбейген шақта, бұл мәселе мемлекет деңгейінде ерекше бақылауға алынып отыр.
1991 жылдан бері берілген барлық дипломдардың бірыңғай деректер базасының қалыптастырылуы – жалған құжат жасаудың алдын алудағы ең маңызды қадамдардың бірі. Бұл базаға енгізілген ақпарат университеттердің ресми түрде бекітілген мәліметтеріне сүйенеді және әр түлек туралы деректердің дұрыстығын тексеруге мүмкіндік береді. Мұндай жүйе азаматтардың да, жұмыс берушілердің де құжаттарға деген сенімін арттырады.
Министрлік білім туралы құжаттардың өзіндік үлгісіне қойылатын талаптарды бекітіп, бүкіл ел бойынша бір типтегі сериялар мен нөмірлерді енгізді. Әр диплом қазіргі талапқа сәйкес ерекше қорғалған элементтермен, бірегей нөмірмен және QR-кодпен қамтамасыз етіледі.
QR-код дипломға тіркелген ресми дерекке тікелей қол жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл дүние кез келген жұмыс берушіге немесе ұйымға құжаттың шынайылығын жылдам, қосымша өтінішсіз тексеруді жеңілдетеді.
Дипломдарды генерациялау толықтай автоматтандырылған – «Жоғары білім берудің бірыңғай платформасы» арқылы жүзеге асырылады. Бұл жүйеде әр студенттің оқу үлгерімі, оқу мерзімі, академиялық қарызы және басқа деректері тіркеледі.
Егер студент туралы ақпарат ЖББП жүйесіне енгізілмесе, дипломды қалыптастыру мүмкін емес. Бұл жалған құжат жасауды барынша шектейді.
Осы жүйеге тек арнайы тіркелген, толық жауапкершілігі бар университет қызметкерлері ғана кіреді. Олардың әрбір қадамы журналға тіркелетіндіктен, жүйенің ашықтығы мен қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі.
Министрлік пен құқық қорғау органдарының мәліметіне сәйкес, биыл 46 жалған диплом анықталды. Сонымен қатар оларды дайындауға немесе сатуға әрекеттенген 20 интернет-ресурс бұғатталды. Бұл жұмыстар ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ішкі істер министрлігі тарапынан тұрақты бақылауда.
ҚР Қылмыстық кодексінің 385-бабына сәйкес жалған құжатты дайындау, сату немесе қолдану үшін айыппұл, түзеу жұмыстары, тіпті екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Бұл нормалар жалған диплом жасаушыларға да, оны қолданушыларға да бірдей қолданылады.
Қазіргі таңда жұмыс берушілер дипломның түпнұсқалығын екі тәсіл арқылы тексере алады: epvo.kz ресми сервисі, «Цифрлық құжаттар» мобильді қосымшасындағы электрондық диплом.
Электрондық нұсқаның болуы құжатты кез келген уақытта қолжетімді етеді және жалған құжат көрсету қаупін азайтады.
Жоғары оқу орындары түлектердің деректерін толық цифрландыру жұмыстарын жалғастырып келеді. 1990-2000 жылдардың басындағы қағаз архивтер цифрлық форматқа ауыстырылуда. Бұл бүкіл ел бойынша дипломдардың шынайылығын тексеруді бұрынғыдан да оңай етеді.
Жалған диплом жасау немесе оны пайдалану – тек заң бұзушылық қана емес, қоғам сеніміне зиян келтіретін әрекет. Министрлік, ЖОО және құқық қорғау органдары бұл мәселені толық бақылауға алып, алдын алу жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп отыр. Әр азамат пен жұмыс беруші өз құқығын қорғау үшін дипломдарды тек ресми арналар арқылы тексергені жөн.