Астанада VI халықаралық гастрономиялық «Astaufest-2025» фестивалі басталды
Астанада VI халықаралық гастрономиялық «Astaufest-2025» фестивалі басталды. Шара Жұмысшы мамандықтар жылы аясында алғаш рет техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері арасында ұйымдастырылып отыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Фестивальге алыс-жақын шетелдерден 45-тен астам оқу орны қатысуда. Үш күнге созылатын ауқымды шараға 230-дан астам студент, педагог және өндірістік оқыту шеберлері жиналып, тәжірибе мен идеялар алмасуда. Болашақ аспаздар мен кулинарлар түрлі елдің тағамдарын әзірлеп, мәдениетін таныстыруда.
Айта кетсек, фестиваль аясында Қоғамдық тамақтану және сервис колледжі базасында Кондитерлік академия ашылады.
Қатысушылардың кәсіби шеберлігін Қазақстанмен қатар, Гонконг, Үндістан, Франция, Түркия, Швейцария, Өзбекстан, Қырғызстан және Ресейден келген 13 сарапшы бағалайды.
«Astaufest-2025» – студенттер мен кәсіби мамандар үшін тәжірибе жинақтап, әлемдік гастрономияның үздік дәстүрлері мен жаңашылдығын игеруге арналған маңызды алаң.

