KZ
Өскемен
+3°
пасмурно жел 7 м/с, Ю
522.38 612.6 6.54

ШҚО Саратовкадағы көпбейінді колледж: жаңа мамандықтар мен авиацияға басымдық

20.10.2025, 15:00 209 Айна Бакимбаева

Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданындағы Шығыс Қазақстан көпсалалы колледжі кадрлар даярлау сапасымен және жаңа оқу бағыттарын белсенді дамытуымен ерекшеленеді, оның ішінде өңірде алғаш рет ашылған авиациялық мамандықтарды даярлау да бар, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Оқу орнының фойесінде облыс әкімі студенттердің шығармашылық және тәжірибелік жұмыстарының көрмесін аралап көрді. Онда жас мамандар «Ветеринария», «Агрономия» және «Ауыл шаруашылығын механикаландыру» мамандықтары бойынша өз білімдері мен дағдыларын көрсетті.

Өңір басшысы «Ұшу аппаратын жөндеу және техникалық қызмет көрсету» мен «Әуе тасымалын ұйымдастыру» сияқты жаңа оқу бағыттарының студенттерімен кездесті. Нұрымбет Сақтағанов әңгіме барысында авиациялық мамандықтарды дамыту өңір үшін стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті. Әсіресе Шығыс Қазақстан облысында салынып жатқан әуежайларды ескерсек, бұл бағыт басымдыққа ие.

Бірінші курс студенті Рахман Тамаз мамандықты насихаттау және студенттерді қолдау мақсатында өзі әзірлеген авиациялық бағыттағы Telegram-чат-ботын таныстырды.

Нұрымбет Сақтағанов студенттердің жатақханадағы тұрмыс жағдайымен де танысты. Жастарға жайлы білім беру ортасын қалыптастыру және қолдау – өңірлік саясаттың басты басымдығы. Облыс әкімі сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Адал Азамат» тұжырымдамасында айтылған адалдық, жауапкершілік және кәсібилік қағидаттарының ел болашағы үшін маңызды екенін еске салды.

Шығыс Қазақстан көпсалалы колледжі 1945 жылы құрылған және 80 жыл ішінде ауыл шаруашылығы саласы бойынша 50 мыңнан астам маман даярлаған. Бүгінде мұнда 424 студент білім алуда, олардың 296-сы – мемлекеттік тапсырыс негізінде оқиды. Оқушылардың 86 пайыздан астамы дуальды жүйе бойынша оқиды, ал оқытушылар құрамында 45 маман, оның ішінде 10 магистр мен 1 докторант бар.

2019 жылы колледжде «Ауыл шаруашылығын механикаландыру» мамандығы бойынша құзыреттілік орталығы ашылды, онда AgroSkills халықаралық қозғалысының стандарттары енгізілген. Студенттер облыстық және республикалық байқауларда тұрақты түрде жүлделі орындар иеленіп келеді.

2025 жылы колледж «Әуе тасымалын ұйымдастыру» және «Ұшу аппаратын жөндеу және техникалық қызмет көрсету» мамандықтарына лицензия алды. Бұл – өңірде авиациялық мамандар даярлаудың алғашқы тәжірибесі. Жоба облыс әкімі мен Алматы азаматтық авиация колледжінің қолдауымен жүзеге асырылды.

Жаңа оқу бағыттары Шығыс Қазақстанның кадрлық әлеуетін нығайтып, өңірді аграрлық және авиациялық саладағы жоғары білікті мамандармен қамтамасыз етуге бағытталған.


Дамир Омаров

Аударған: Айна Бакимбаева 

Фото: Данияр Сағидолдин

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу