KZ
Өскемен
+2°
облачно с прояснениями жел 7 м/с, ОБ
522.38 612.6 6.54

Алтай медицинасы: заманауи жабдық, сапалы қызмет

21.10.2025, 15:00 201 Айна Бакимбаева

Ауылдық жерлер мен шағын қалалардағы медициналық қызмет көрсету – бұл тек көмек көрсету мәселесі ғана емес, сонымен қатар өңірдің әлеуметтік дамуының маңызды көрсеткіші. Шығыс Қазақстан облысының алыс ауылдары мен елді мекендерінде, ең жақын ауруханаға дейінгі қашықтық айтарлықтай рөл атқаратын жағдайда, денсаулық сақтау жүйесінің маңызы ерекше арта түседі. Бұған айқын мысал – табиғи ресурстар мен еңбекқор тұрғындары бар, бірақ сонымен бірге халықты қолжетімді әрі сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз ету бойынша елеулі мәселелерді шешіп келе жатқан Алтай ауданы. 

Мемлекет ауылдық денсаулық сақтауды қалай қолдайтыны және медициналық қызмет қалай ұйымдастырылғаны туралы Altainews.kz басылымына Алтай ауданының әкімі Ренат Құрмамбаев айтып берді.

– Ренат Тлеуханұлы, Алтай қаласынан (Алтай ауданының орталығы) облыс орталығы – Өскеменге дейінгі қашықтық шамамен 200 шақырым. Төтенше жағдайда мұндай арақашықтықты әркім бірдей еңсере бермейді. Медициналық көмектің қолжетімді және дер кезінде көрсетілуі үшін ауданда қандай шаралар қабылданып жатыр?

– Алтай ауданында тұрғындардың 22 пайыздан астамы ауылдық жерде тұрады. Мұнда Алтай ауданының көпсалалы ауруханасы жұмыс істейді. Бұл – біздің медициналық жүйеміздің негізгі буыны. Оның құрамында 207 төсек-орын, 8 бейінді бөлімше, заманауи құрал-жабдықтар және ең бастысы – тәжірибелі мамандар бар. Дәрігерлеріміз кез келген жағдайда: жедел шақырту кезінде де, қабылдау бөлімінде де, стационарда да жұмыс істей алады.  Бүгінгі таңда олар тек алғашқы көмек көрсетіп, диагностика жүргізіп қана қоймай, күрделі хирургиялық операциялар да жасайды – бұл олардың дайындық деңгейінің жоғары мен техникалық базасының жақсы болуының нәтижесі.

– Соңғы бір жылда ауданның денсаулық сақтау саласында қандай өзгерістер болды?

– Ең алдымен, медициналық қызметтердің қолжетімділігі артты. Азаматтардың медициналық мекемелерге жүгінуі көбейді. Өткен жылы тәулік бойғы стационарда 7,5 мыңнан астам науқас ем қабылдады. Бұл – адамдардың біздің жүйеге деген сенімінің артқанын көрсетеді. Сонымен қатар, емдеу тиімділігі де жоғарылады: ауруханада болу уақыты қысқарып, науқастардың сауығу нәтижелері жақсарды.

– Бүгінде аудандық атқарушы органдардың алдында бірқатар маңызды міндеттер тұр: материалдық-техникалық базаны жаңарту, кадр тапшылығын шешу, заманауи технологияларды енгізу және тұрғындардың сенімін нығайту. Бұл бағыттар Алтай ауданында қалай жүзеге асырылуда?

– Ауданымызда 47 760 адам тұрады, оның ішінде 10 660-ы – ауыл тұрғындары (22,3%). Елді мекендердің қашықтығы мен инфрақұрылымның шектеулігін ескере отырып, медициналық көмек көрсету ерекше тәсіл мен жеке шешімдерді талап етеді.
Бар қиындықтарға қарамастан, елеулі нәтижелерге қол жеткізілді. 2024 жылы Алтай ауданының көпсалалы ауруханасының негізгі бөлімшелерінде күрделі жөндеу аяқталды, Феклистовка ауылында жаңа медициналық пункт салынды, Жаңа Бұқтырмадағы дәрігерлік амбулатория жаңартылды. Заманауи жабдықтар орнатылып, жоғары технологиялы емдеу әдістері енгізілді. Бұл жетістіктер – тек статистика емес, нақты адамдардың өмірін сақтап қалу мен өмір сапасын арттыру мысалдары.

– Нақты мысалдар келтіре аласыз ба?

– Иә. Біздің дәрігерлердің кәсіби деңгейін нақты оқиғалар дәлелдейді. Мысалы, 15 жастағы қыз бала квадроцикл апатынан кейін ауыр халде жеткізілді. Көлікті басқаруға ие бола алмай, ағашқа соғылған. Соққыдан сынған бұта қыздың денесін тесіп өткен: екі қабырғасы сынған, өкпесі жарақаттанған, жара диаметрі 10 сантиметрге жуық. Ол жүрекке бір сантиметр қалғанда өтіп, жауырын тұсынан шыққан. Науқас ауруханаға өте ауыр жағдайда, қан қысымы болар-болмас күйде түсті. Дәрігерлеріміз оның өмірін сақтап қалды. Тағы бір мысал – 22 апта жүктіліктегі әйел ауылда пешті тұтатпақ болғанда бензин тұтанып, денесінің 80%-ы күйіп қалған. Оның ішінде үшінші дәрежелі күйіктер де болған. Алғашқы үш тәулік – ең қауіпті кезеңде – біздің дәрігерлердің жіті бақылауында болды. Нәтижесінде ана өмірі ғана емес, жүктілік те сақталды. Бүгінде ол үйінде, аман-есен сәбиін бауырына басып отыр.

– Ренат Тлеуханұлы, ауданның денсаулық сақтау жүйесі қалай ұйымдастырылған және оның басты ерекшеліктері қандай?

– Алтай ауданының денсаулық сақтау жүйесін «Алтай ауданының көпсалалы ауруханасы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны құрайды. Ол Шығыс Қазақстан облысының денсаулық сақтау басқармасына бағынады және тұрғындарға білікті, мамандандырылған әрі алғашқы медициналық көмекті көрсетеді. 2024 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша тіркелген тұрғындар саны – 47 760 адам, бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,5%-ға аз. Оның 37 100-і (77,7%) қала тұрғындары болса, 10 660-ы (22,3%) ауылда тұрады. Демографиялық көрсеткіштер медициналық көмекті икемді ұйымдастыруды талап етеді:  тұрғындардың  17,2% не болмаса  8205 бала – 14 жасқа дейінгі балалар , 15–18 жас аралығындағы жасөспірімдер – 1774 (3,7%), ересектер – 37 781 (79,1%). Репродуктивті жастағы әйелдер – 10 634 (22,3%), ал 60 жастан асқандар – 13 065 (27,4%). Соңғы санаттағы адамдарға тұрақты дәрігерлік бақылау мен бейінді көмек қажет. Медициналық инфрақұрылымда тәулік бойы қабылдайтын  207 төсек-орын бар. Сонымен қатар, он орындық инсульт орталығы, инфекциялық және алты  орындық оңалту бөлімшелері, 38 орындық күндізгі стационар жұмыс істейді. 2020 жылдан бері ауруханада ангиографиялық кабинет бар, мұнда жүрек-қан тамыр аурулары бар науқастарға ангиография және стент қою процедуралары жасалады. Ал 2022 жылдан бері «B.B.NURA» ЖШС филиалы жұмыс істейді, ол созылмалы бүйрек жеткіліксіздігі бар пациенттерге гемодиализ жасайды. Биыл 22 науқасқа барлығы 2654 процедура орындалды. Келесі жоспар – МРТ аппаратын орнату. Қазір аурухана ғимараты жанында қосалқы нысанның қабырғаларының 30%-ы тұрғызылды, жыл соңына дейін аяқталады.

– Бала туу мен өлім көрсеткіштерінде қандай өзгерістер бар?

– 2024 жылы туу деңгейі төмендеді: 2023 жылы  433 нәресте өмірге келсе, 2024 жылы 380 бала туған, яғни 10,1%-ға азайды. Дегенмен, нәресте өлімі екі еседен астам азайды – 5 жағдайдан 2 жағдайға дейін түсті. Бұл – акушерлік және неонатологиялық көмектің сапасын арттырудың  нәтижесі. Жалпы өлім-жітім, керісінше, өскені байқалады: 2023 жылғы 704 жағдай тіркелсе,  2024 жылы 752-ге жетіп, 8,3%-ға артып отыр. Ал ана өлімі соңғы екі жылда тіркелген жоқ.

– Стационарлық көмек бойынша тиімділікті көрсететін көрсеткіштер қандай?

– Бірнеше негізгі көрсеткіш бар. 2024 жылы тәулік бойғы стационарда 7520 науқас емделді, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 6,4%-ға артық (7067 адам). Бұл – тәулік бойғы емнің тұрақты қажеттілігін көрсетеді. Төтенше госпитализация үлесі де артты – 88,5%-дан 90%-ға дейін, яғни жедел көмек көрсетудің тиімділігін дәлелдейді. Стационарда болу ұзақтығы 8 күннен 7,8 күнге дейін қысқарды, бұл ем тиімділігінің артқанын және ресурстарды ұтымды пайдаланудың жемісін көрсетеді. Өлім көрсеткіші 15,4%-ға төмендеп, 2,6-дан 2,2-ге азайды. Бұл көрсеткіш медициналық көмектің сапасын айғақтайды.

– Алтай ауданында цифрлық технологиялар мен техникалық жаңғырту қалай дамуда?

– Бұл бағытта айтарлықтай жетістіктер бар. Барлық рентген бөлімшелері PACS жүйесіне қосылған, ол рентген, флюорография және маммография кескіндерін цифрлы форматта өңдеп, электронды түрде сақтауға және қашықтан жіберуге мүмкіндік береді. Әсіресе маммографияда дәлдік пен жылдамдық аса маңызды. Сонымен қатар, 2024 жылы облыстық денсаулық сақтау басқармасынан бөлінген трансферт есебінен бес жанаспайтын тонометр, спирограф және 231 бактерицидтік шам сатып алынды. Жыл соңына дейін 13 миллион теңге тұратын ультрадыбыстық диагностика жүйесі, плазмалық стерилизатор және басқа да заманауи жабдықтар келеді.

– Медициналық кадрлармен қамтамасыз ету деңгейі қандай?

– Ауданда 102 дәрігер жұмыс істейді, олардың 64-інде  (62,7%) біліктілік санаты бар. Қырық маман – жоғары, 11-і – бірінші, 13-і – екінші санатты мамандар. Орта буын медицина қызметкерлері – 433 адам. Дегенмен, 29 дәрігер жетіспейді: учаскелік терапевт, педиатр, кардиолог, анестезиолог, неонатолог, офтальмолог және сәулелік диагностика мамандары қажет. Мәселені шешу үшін кәсіби даму бағдарламалары іске асырылуда. 2024 жылы біздің дәрігерлер Түркия мен Литвада гинекология, анестезиология, УДЗ және неонатология бағыттары бойынша тағылымдамадан өтті. Сонымен қатар, дәріханасы жоқ ауылдық елді мекендерде дәрілерді алғашқы медициналық-санитарлық көмек мекемелері арқылы сату тетігі енгізілді. Бұл тұрғындардың дәрі-дәрмекке қолжетімділігін арттырды.

– Жылжымалы медициналық кешеннің жұмысы қалай жүруде?

– 2024 жылы мобильді кешен 29 ауылдық елді мекенді қамтыды. Барлығы 2527 адам тексеруден өтті (жоспар – 3257). ПМК арқылы профилактикалық және скринингтік тексерулер жүргізіледі. Негізгі скрининг түрлері толық орындалды: сүт безі қатерлі ісігі бойынша  әйелдер – 98,9%, жатыр мойны қатерлі ісігі бойынша  мақсатты топтың – 95,3%-ы, тоқ ішек қатерлі ісігі бойынша – 100% қамтылды. Бұл тұрғындардың ерте анықтау бағдарламаларына  белсенді түрде  қатысатынын көрсетеді.

– Биыл қандай инфрақұрылымдық жобалар іске асырылды?

– 2024 жылдың желтоқсанында травматология, хирургия, кардиология, анестезиология және реанимация бөлімшелерінде күрделі жөндеу аяқталды. Жалпы инвестиция көлемі – 680,4 млн теңге. Қосымша облыстық бюджет есебінен стационар шатыры 71,3 млн теңгеге жөнделді. Феклистовка ауылында 113,8 млн теңгеге жаңа медициналық пункт салынды. Ол 2024 жылғы 7 қарашада пайдалануға беріліп, Серебрянка қалалық ауруханасының құрылымына қосылды. Сондай-ақ Жаңа Бұқтырма амбулаториясы да жаңғыртылды. Жалпы қаржыландыру – 501,5 млн теңге. Инженерлік желілер, ішкі бөлмелер мен ғимарат толығымен жаңартылды. Бұл нысандар алғашқы медициналық көмектің маңызды бөлігіне айналды.

– Алдағы жылдарға қандай міндеттер қойылған?

– Басты мақсатымыз өзгеріссіз – аудан тұрғындарының бәріне, тұрғылықты жеріне қарамастан, сапалы медициналық көмектің қолжетімді болуын қамтамасыз ету. 2025 жылы медициналық жабдықтарды одан әрі жаңарту, телемедицина қызметін дамыту, кадрлардың біліктілігін арттыру (соның ішінде шетелдік оқу бағдарламалары арқылы) жоспарланған. Сондай-ақ жоғары технологиялық көмектің аясын кеңейту, цифрлық құралдарды енгізу, алғашқы буынды жетілдіру және аурулардың алдын алу шараларын күшейту көзделген. Негізгі мақсат – тек статистиканы жақсарту емес, тұрғындардың денсаулық сақтау жүйесіне деген сенімін арттыру. 2024 жылдың тәжірибесі көрсеткендей, нақты стратегия мен мемлекеттік қолдау болған жағдайда, ең шалғай аудандарда да облыстық деңгейдегі сапалы медициналық көмек ұйымдастыруға болады. Инфрақұрылымға салынған қомақты инвестициялар өз нәтижесін берді: жаңа және жөнделген нысандар халық игілігіне қызмет етуде.

Кадр даярлау, дәрі-дәрмекпен қамту және алғашқы медициналық көмекті кеңейту бойынша қабылданған шаралар жүйенің тұрақты дамуына негіз қалайды. Жалпы алғанда, Алтай ауданындағы денсаулық сақтау жүйесінің дамуы кадр тапшылығынан бастап инфрақұрылымды жаңғырту мен цифрлық технологияларды енгізуге дейінгі негізгі мәселелерді кешенді және дәйекті түрде шешіп келе жатқанын көрсетеді. Географиялық алшақтық пен ауылдық аймақтарға тән қиындықтарға қарамастан, аудан сенімді түрде дамып келеді. Медициналық нысандарды жөндеу мен салуға бағытталған ауқымды инвестициялар, қызмет түрлерін кеңейту, скрининг пен профилактика бағдарламаларына белсенді қатысу, сондай-ақ кадрларды даярлау мен біліктілігін арттыру – мұның бәрі нақты нәтижелер беруде. Нәресте өлімінің азаюы, стационарлық көмекке сенімнің артуы, емнің қолжетімділігінің кеңеюі – өзгерістердің дұрыс бағытта жүріп жатқанын дәлелдейді.

Алдағы жылдардағы басты басымдық – аудан тұрғындарының барлығына сапалы медициналық көмекті тең дәрежеде қолжетімді ету. Мемлекеттік қолдау, заманауи технологиялар және медицина қызметкерлерінің кәсібилігі арқасында Алтай ауданы өз денсаулық сақтау жүйесінің тұрақты дамуы үшін берік негіз қалап отыр.


Полина Бажова

Аударған: Айна Бакимбаева

Фото: Алтай ауданы әкімдігі

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу