Самар ауданында жаңа ауылдық клуб ашылды
Республика күні қарсаңында Самар ауданының Қараөткел ауылында мәдениет пен денсаулық сақтау ошағының ашылу салтанаты өтті. Аудан орталығынан шалғайда жатқан елді мекенде бұған дейін тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуге арналған клуб та, заман талабына сай қызмет түрін көрсетер медициналық нысан да болмаған еді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Қараөткел – шамамен 200 тұрғыны бар шағын әрі орталықтан шалғайда орналасқан ауыл. Сондықтан жаңа клуб – жергілікті халық үшін үлкен қуаныш.
Клуб ішінен ашылған жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт пен кітапхана қараөткелдіктердің қуанышын еселей түсті. Себебі, бұған дейін ауылда ескі денсаулық сақтау кабинеті қызмет еткен еді. Енді тұрғындар мәдени демалыс орнымен қатар сапалы медициналық қызмет алатын болады.
Әкімнің айтуынша, ауылда жол мен жарық мәселесі де күн тәртібінен түспей келген. Жуырда жарықтандыру мәселесі шешімін тапты. Алайда жолдың жай-күйі әлі де өзекті — асфальт төселмеген. Әкімнің сөзінше, асфальт жол салу көп қаржыны талап ететіндіктен, келесі жылы жолды грейдерлеу және қиыршық тас төсеу жоспарлануда.
Наргиз Еркінбекова
Фото: Данияр Сағидолдин









