KZ
Өскемен
-3°
небольшая облачность жел 3 м/с, ОБ
519.61 610.13 6.54

Үлкен Нарынның жаңа келбеті: экономика мен әлеуметтік саладағы серпінді өзгерістер

28.10.2025, 19:00 487 Базарова Айгүл

Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Үлкен Нарын ауданының 2025 жылдың тоғыз айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары жөнінде аудан әкімі Елдос Байрахметов айтып берді. Ауданда жолдар жөнделіп, жаңа демалыс базалары салынбақ, ипподром бой көтермек, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Әкімнің айтуынша, өңір дамуы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан» атты Жолдауында айқындалған стратегиялық міндеттермен үндесіп отыр.

— Президентіміз атап өткендей, басты мақсат — халықтың өмір сапасын арттырып, экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету. Бұл бағытта аудан бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп келеді, — деді Елдос Байрахметов.

Инвестиция мен кәсіпкерлік өсімде

Биыл негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 9,3 млрд теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 19 пайызға артқан. Өңірде 1177 шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 621 млн теңге болып, 14 пайыздық өсім тіркелген. Құрылыс жұмыстарының көлемі 2,2 млрд теңгені құрады.

Ауданда «Ауыл аманаты» бағдарламасы белсенді түрде жүзеге асуда. Биыл ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге бағытталған 12 жоба қолға алынып, жол бойындағы туризмнің дамуына ықпал етуде.

Ауыл шаруашылығы – экономиканың тірегі

Ауданның ауыл шаруашылығы саласындағы өнім көлемі 14,6 млрд теңге болды (өсім – 107%). Егіс көлемі 50 мың гектарға жетіп, оның басым бөлігін майлы дақылдар құрайды.

— Биыл 44 мың тоннадан астам астық жиналды, орташа өнімділік 25 центнерді құрады. Бұл — өткен жылмен салыстырғанда жоғары көрсеткіш, — деді әкім.

Шаруаларға қолдау ретінде 148 ауыл шаруашылығы субъектісіне 223 млн теңге субсидия берілген. Ал «Кең дала – 2» бағдарламасы аясында 21 шаруа қожалығы 528 млн теңге несие алып, егіс пен орақ жұмыстарын толық аяқтады.

Туризм мен жол бойы сервисі қарқынды дамуда

Ауданда туризм саласына айрықша көңіл бөлінуде. 2025 жылы Үлкен Нарынға келген туристер саны 115 мыңнан асып, өткен жылмен салыстырғанда 165 пайызға артқан. Бұл көрсеткіш өңірге деген қызығушылықтың тұрақты өсіп келе жатқанын дәлелдейді.

Туризммен қатар жол бойы сервисін дамыту бағытында да нақты шаралар қолға алынған. Аудан әкімдігі мен «ҚазАвтоЖол» АҚ-ның бірлескен жобасы аясында заманауи сервис нысаны ашылды. Бұл — инфрақұрылымды жетілдірумен қатар, қызмет көрсету саласындағы шағын бизнесті дамытуға серпін беретін маңызды қадам.

— Біздің өңірдің табиғаты мен тарихы ерекше. Туризмді дамыту жаңа жұмыс орындарын ашып, кәсіпкерлікті жандандырады. Биыл аудан аумағында жаңа демалыс базасының құрылысы басталды, — деді аудан әкімі.

Қазіргі уақытта аудан аумағында бірнеше туристік нысан салу жобалары іске асуда. Атап айтқанда, Свинчатка ауылында еліміздегі жетекші инвесторлардың бірі демалыс базасын тұрғызуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар Бухтарма жағалауында туризмге арналған 5 гектар жер телімі бөлініп, оны игеруге екі кәсіпкер қызығушылық танытқан.

Ауданда туристік ақпарат орталығы жұмыс істейді. Оның маңында демалыс аймағын абаттандыру басталып, ұлттық тағамдар мен ауыл шаруашылығы өнімдерін ұсынатын шағын павильондар, киіз үйлер мен шатырлы алаңдар орнатылады. Мұнда демалушыларға табиғи өнімдерді сатып алу мен тынығуға барлық жағдай жасалмақ.

Жалпы, туризм мен жол бойы сервисін дамыту өңірдің экономикалық және инвестициялық әлеуетін арттырумен қатар, жергілікті тұрғындар үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашып отыр.

Таза су мен сапалы жол – басты назарда

Халықты таза ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында 5 млрд теңге көлеміндегі жоба жүзеге асырылып жатыр. Ол аясында Үлкен Нарын ауылындағы 77 шақырымдық су жүйесі жаңғыртылуда. Бұдан бөлек, Алтынбел, Үштөбе және Солдатово ауылдарында да су желілері жөнделіп, жаңа жүйелер орнатылуда.

Жол жөндеу ісі де қарқын алған. Биыл аудан орталығында және ауылдық округтерде орта және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 10 көше асфальтталды. Үлкен Нарын ауылында Абылайхан көшесін күрделі жөндеуден өткізу жоспарланып отыр. Жоба көлік инфрақұрылымын жақсартып, жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.

Әкімнің айтуынша, көшені жөндеу жұмыстары ауыл тұрғындарының күнделікті қатынасына қолайлы жағдай жасап, әлеуметтік және экономикалық тұрғыда оң әсерін тигізбек.

— Инфрақұрылым – халықтың тұрмыс сапасын айқындайтын маңызды сала. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады, — деді Елдос Байрахметов.

Жылу маусымы тұрақты өтуде

Өткен жылыту маусымында жүргізілген іс-шаралар арқасында соңғы алты жылда алғаш рет тұрғын үйлердегі температура тұрақты түрде 26 °С және одан жоғары деңгейде болды, ал бұған дейін 17 °С-тан аспайтын.

— Жылыту маусымына дайындық аясында кешенді жұмыстар атқарылды. Жалпы құны 400 млн теңгені құрайтын жылу желілерін жөндеу және қалпына келтіру аяқталды, оның ішінде Огнёв көшесіндегі жылу желілері де бар. Бұл шаралар жылумен қамтамасыз ету нысандарының қысқа дайындығын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Қазіргі уақытта жылыту маусымы қалыпты жағдайда өтуде: жылу тұрақты түрде берілуде, орталық қазандықта жаңа қазандықтарды орнату жұмыстары жүргізілуде, көмір қоры жеткілікті, — деді Елдос Жанболатұлы.

Медицина мен әлеуметтік инфрақұрылым жақсарып келеді

Медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру – ауданның басты басымдықтарының бірі. Осы бағытта денсаулық сақтау саласының материалдық-техникалық базасын нығайтуға айтарлықтай қаражат бағытталды. Атап айтқанда, аудандық ауруханаға құны 450 млн теңге болатын заманауи компьютерлік томограф пен 17 млн теңгеге қажетті медициналық жабдықтар сатып алынды. Алдағы уақытта аудандық ауруханаға мобильді рентген-маммографиялық кешен алу жоспарланып отыр.

— Былтыр медицина саласында төрт маман тапшы болса, биыл екі маман жетіспейді. Компьютерлік томографпен жұмыс істейтін маманымыз бар. Бүгінде біз бұл бағыттағы кадрларды тарту үшін мемлекет тарапынан көтерме төлем қарастырдық. Ауданнан – 100 мың теңге, облыстан – 800 мың теңге бөлінеді, сондай-ақ жеңілдетілген несие беріледі, — деді әкім.

Оның айтуынша, ауданға келген жас мамандарға тұрғын үй беру мәселесі де шешімін табуда.

— Медицина және білім беру саласы – ең күрделі әрі ең қажет бағыттардың бірі. Сол себепті бұл мамандарды тұрғын үймен қамтамасыз етеміз, қажет болса, несие алмай-ақ өзіміз баспана береміз. Жақында Алматыдан бір жас дәрігер маман келеді. Ол университет бітірген соң бес жылға біздің ауданға жұмыс істеуге жіберілді, — деді спикер.

Көші-қон бағдарламасы аясында да ауданға қоныс аударуға ниетті тұрғындар бар.

— Биыл оңтүстік өңірлерден бір отбасы көші-қон бағдарламасымен келетін болды. Оларға баспана беріп, мектептен жұмыс тауып береміз. Алғашқы қадамдарын жеңілдету үшін барынша жағдай жасаймыз. Мәселен, биыл мұғалімдерге көмір сатып алу үшін 27 млн теңге бөлінді, — деді әкім.

Биыл аудандағы бірнеше әлеуметтік нысандарда маңызды жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Көкбастау ауылында бұрын спорт залы болмаған мектепке жаңа спорт нысанының құрылысы басталды.

Сонымен қатар, биыл аудандық мәдениет үйі мен арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету аумақтық орталығының материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында «ГАЗель» маркалы қызметтік автокөліктер сатып алынды. Бұл шығармашылық ұжымның мобильдігін арттырып, мәдени іс-шараларды ұйымдастыруды жеңілдетеді және тұрғындарға көрсетілетін әлеуметтік қызметтердің аясын кеңейтеді.

Үлкен Нарында ипподром мен байланыс нысандары салынады

Үлкен Нарын ауылында ипподром құрылысы басталады. Сонымен қатар, Үлкен Нарын және Жұлдыз ауылдарында антенналық-мачталық байланыс мұнаралары орнатылады. Бұл жобалар ауданның спорттық инфрақұрылымын дамытып, тұрғындарды тұрақты әрі сапалы мобильді байланыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

— Үлкен Нарын ауданының дамуы – тұрғындардың игілігі жолындағы ортақ еңбек. Алдымызда әлі ауқымды міндеттер тұр. Біз экономика мен әлеуметтік саланың әр бағытын жүйелі дамыта отырып, ауданның өркендеуіне бар күшімізді саламыз, — деді Елдос Байрахметов.

Үлкен Нарын ауданы жас болса да, әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері тұрақты өсіп келе жатқан өңірге айналды. Инвестиция, ауыл шаруашылығы, туризм және инфрақұрылым салаларындағы жүйелі жұмыстар – халықтың өмір сапасының артуының айқын айғағы.



Айна Бакимбаева

Александр Шушеньков 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу