«Тұрмыс» жедел профилактикалық іс-шарасы басталды – ШҚО
Шығыс Қазақстан облысында 17–25 қараша аралығында өңірдегі қоғамдық қауіпсіздікті күшейтіп, тұрмыстық салада жиі орын алатын құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған «Тұрмыс» жедел профилактикалық іс-шарасы басталды. Аталған шара облыс аумағында тұрақты тәртіп пен құқықтық мәдениетті қалыптастыруға, отбасындағы келеңсіз жағдайлар мен тұрмыстық жанжалдардың жолын кесуге арналған, деп хабарлайды Altainews.kz.
Шара аясында полиция қызметкерлері елді мекендерді, көпқабатты тұрғын үйлер мен аулаларды аралап, азаматтардың тұрмыс жағдайына талдау жүргізеді. Тәртіп сақшылары қауіпсіздік талаптарының сақталуын тексеріп, отбасындағы қарым-қатынасты шиеленістірмеу, даулы жағдайларды құқықтық жолмен шешу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүзеге асырады.
Профилактикалық есепте тұрған тұлғалармен жеке әңгімелесулер өткізіліп, олардың өмір сүру жағдайы мен қоғамдық тәртіпке ықтимал қауіп деңгейі зерделенеді. Мамандар тұрмыстық зорлық-зомбылыққа бейім азаматтарды бақылауға алып, қажет болған жағдайда әлеуметтік қызметтермен бірлесе көмек көрсетеді. Бұл – балалары, қарттары, мүмкіндігі шектеулі жандар бар отбасыларды қорғауға бағытталған маңызды қадамдардың бірі.
Сонымен қатар, қиын жағдайға тап болған азаматтарға құқықтық және психологиялық қолдау көрсету тетіктері түсіндіріледі. Полиция департаменті тұрмыстық жанжалдардың алдын алу үшін халыққа өз құқықтарын білу, зорлық-зомбылық фактілерін жасырмау және тиісті органдарға уақытылы хабарлау қажеттігін ескертеді.
ШҚО Полиция департаменті өңір тұрғындарын белсенді азаматтық позиция танытып, өздерінің немесе көршілес аумақта орын алған құқық бұзушылықтар туралы жедел түрде хабарлауға шақырады. Ведомство өкілдерінің айтуынша, әрбір тұрғынның бейжай қарамауы өңірдегі құқықбұзушылық деңгейін төмендетуге елеулі үлес қосады.
Жедел профилактикалық іс-шара өңірде құқықтық мәдениетті арттырып, азаматтардың қауіпсіздікке деген көзқарасын нығайтуға және тұрмыс тыныштығын қорғауға бағытталады.
Фото: ШҚО ДП

