KZ
Өскемен
+3°
пасмурно жел 7 м/с, ОШ
522.38 612.6 6.54

ШҚО-да шетелдік мамандардың жұмысы заң аясында қадағаланады

20.11.2025, 15:45 177 Ержан Әбіш

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Астанада өткен брифинг барысында өңірде жұмыс істеп жүрген Қытай азаматтарына қатысты нақты мәлімет берді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Облыс басшысының айтуынша, шетелдік мамандардың қызметі тек құқықтық нормаларға сүйене отырып жүзеге асырылады. Инвестициялық жоба болсын, өндірістік келісім болсын — әр құжат өкілетті органдардың жан-жақты тексерісінен өтеді. Келісім жасалмас бұрын жобаның артында кім тұрғаны, оны кім қаржыландыратыны, компанияның құқықтық мәртебесі, қызмет бағыты мен тәуекелдері толық сарапталады.

— Бүгінде Шығыс Қазақстан аумағында Қытай елінен келген 98 маман виза арқылы заңды түрде жұмыс істеп жүр. Барлығы ресми еңбек рұқсаттарын рәсімдеген. Ал визасыз келушілер Қазақстан аумағында отыз күнге дейін ғана бола алады. Сондықтан олардың нақты санын күн сайын айту мүмкін емес, — деді өңір басшысы.

Сондай-ақ, визалық режимді бұзу фактілерін анықтау бағытында құқық қорғау органдары тұрақты жұмыс жүргізуде. Нәтижесінде 78 шетел азаматының тәртіп бұзғаны анықталған. Олардың 50-і елден шығарылып, қалғандарымен заң аясында жұмыстар жалғасып жатыр.

Брифинг барысында кәсіпорындар мәселесіне қатысты сауал да қойылды. Облыс әкімі бұл мәселеге нақты жауап берді.

— Әрбір тіркелген кәсіпкерлік субъектісінің артында кім тұрғаны, компания қалай ашылғаны, оның құрылтайшылары мен қаржыландыру көздері құзырлы органдарға толық мәлім. Бұл ақпарат жасырын емес. Егер қандай да бір заңсыз әрекет тіркелсе, ол бірден анықталып, заң бойынша шара қабылданады, — деді Нұрымбет Сақтағанов.

Оның айтуынша, өңірде жұмыс істейтін кез келген шетелдік компания Қазақстан заңнамасы бойынша ғана әрекет етеді. Лицензия беру, рұқсат рәсімдеу немесе жобаны іске қосу — барлығы бақылауды талап ететін процесс. Сондықтан қандай да бір заңсыздық жасырын қалып қоюы мүмкін емес.


Айдос Мырзахметов

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу