Ғылым мен жасанды интеллект: ұлттық дамудың жаңа дәуірі және өңірлік тәжірибе
Қазақстан соңғы жылдары білім, ғылым және технология салаларын дамытуға ерекше екпін беріп, жаңа экономикалық модельге көшу жолында ауқымды реформалар жасай бастады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында «ғылым – елдің стратегиялық капиталы» екенін атап, ғылыми кадрлар даярлау, зерттеулерді қолдау, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні дамыту – мемлекеттің болашағын айқындайтын негізгі бағыттар екенін бірнеше рет нақтылады. Бұл мемлекеттік саясат бүгінде елдің барлық өңірлерінде өз жемісін беруде. Ғылымға салынған қаражат тек шығын емес, болашақта қайтарым беретін ұзақ мерзімді инвестиция екені айқындала түсті. Сондықтан мемлекет енді тек ғылыми жобаларды қаржыландырумен шектелмей, олардың нақты нәтижесін, қоғамға пайдасын, өнеркәсіп пен экономикаға енгізілу деңгейін талап етіп отыр. Ғалымдардың жұмысы халықтың өмірін жақсартуға, технологиялық тәуелділікті азайтуға, өңірлік және ұлттық экономиканы дамытуға бағытталуы қажеттігі айқын жазылған мемлекеттік құжаттарда да көрініс тапқан. Шығыс Қазақстанда ғылым мен технология саласындағы жаңғыру нақты жобалармен іске асуда. Өңірлік ғылыми орталықтар мен университеттер ел дамуының іргетасын қалауға өзінің үлесін қосып келеді, деп хабарлайды Altainews.kz.
Елде ғылымды дамытудың басты шарты – мықты ғылыми кадрлар. Қазақстанда соңғы жылдары PhD даярлау жүйесі күшейіп, жас зерттеушілер саны артты. Президент Тоқаев атап өткендей, елге ғылыммен айналысатын, жаңа технологиялар жасай алатын, халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті мамандар қажет.
Өңірлердің ішінде Шығыс Қазақстан бұл бағытта алдыңғы қатардан көрініп отыр. Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде соңғы он жылда докторантура жүйесі бірнеше есе кеңейді. Егер 2010 жылдардың ортасында санаулы ғана докторант болса, бүгін олардың саны 190 адамға жетіп, 27 есе өсім көрсетті. Бұлардың 90 пайызы оқуын аяқтаған соң өңірде қалып, ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты күшейтетін кадрлық базаға айналуда.
Осы тұста докторанттардың ғылыми нәтижелерді коммерцияландыру мен зияткерлік меншік саласындағы белсенділігі де ерекше атап өтуге тұрарлық. Университетте ғылыми нәтижелерді патенттеу көрсеткіші жыл сайын артып келеді. Қазіргі таңда С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің ғалымдары мен докторанттары 9 өнертабысқа патент алып, зияткерлік меншік объектілеріне 63 авторлық куәлік иеленді. Бұл жетістіктердің басым бөлігі жас зерттеушілердің тікелей қатысуымен жүзеге асып, олардың ғылыми дайындығының жоғары деңгейін, инновациялық үдеріске жауапкершілікпен қарайтынын айқын көрсетеді. Осы мәліметтер оқу орын докторантурасының елдің ғылыми әлеуетін нығайтуға елеулі үлес қосып отырғанын дәлелдеп отыр.
2024–2025 жылдары университеттің жеті докторанты PhD дәрежесін қорғап, физика, химия, биотехнология, материалтану, білім беру салалары бойынша өзекті зерттеулер ұсынды. Бұл тақырыптар өңірдің индустриялық бағытымен және экологиялық ахуалымен толық үйлеседі. Яғни, жас ғалымдардың еңбегі нақты өңірлік мәселелерді шешуге бағытталған.
Мемлекет жыл сайын ғылымға қомақты қаражат бөліп келеді. Бұл қаражаттың қайтарымы – зерттеулердің практикалық нәтижесі, өндіріс енгізген технология, отандық өнім, өңірлік даму, жаңа жұмыс орындары, экспорттық әлеуеттің артуы.
Дәл осы талаптар Шығыс Қазақстанда да жүзеге асуда. Соңғы жылдары ғалымдар дайындаған гранттық өтінімдердің саны бір ғана ЖОО-да 160-тан асты, ал ғылыми қаржыландыру көлемі 100 есе көбейді.
Мұндай өсім ғылыми ортаның жанданғанын ғана емес, ғалымдардың жобаларының практикалық бағыт алғанын көрсетеді. 2024 жылы университет негізінде басталған екі ірі ғылыми жоба – ғылыми инвестицияның нақты қайтарымын көрсететін бастамалар болып отыр. Олар:
1. NiCrAl детонациялық жабындарын зерттеу – өнеркәсіптік қауіпсіздікті күшейтуге, станоктар мен металл бөлшектерінің тозуын азайтуға мүмкіндік береді.
2. Агросекторға арналған мультикомпозитті биогидрогель әзірлеу – ШҚО үшін өзекті су тапшылығын азайтуға бағытталған, ауыл шаруашылығы өнімділігін арттыратын технология.
Бұл жобалар іске асқан жағдайда өңір экономикасына тікелей әсер етеді. Яғни, мемлекеттің ғылымға салған қаражатының нақты қайтарымы осы болмақ.
Ғылым нәтижелі болу үшін зертханалар мен ғылыми орталықтар халықаралық талаптарға сай болуы қажет. Осы мақсатта университетте соңғы жылдары бірқатар инфрақұрылым жобалары іске қосылды.
Жасанды интеллект: AI-SANA бағдарламасының Шығыс Қазақстанның білікті мамандарын даярлау ісіндегі барысы
AI-SANA ұлттық бағдарламасы — Қазақстанды жаңа технологиялық кезеңге шығаратын бастама. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бағдарламаны жариялаған кезде «жасанды интеллект — экономиканың жаңа драйвері» болатынын айтты.
Шығыс Қазақстан университеті бұл бағдарлама аясында бірқатар әлеуметтік және білім беру бағытындағы ЖИ-жобалар әзірледі. Атап айтқанда, буллингке қарсы чат-боттар, бағдарламалауды үйрететін интеллектуалды код-талдаушы, инклюзивті білім беруді қолдайтын Dana bala орталығына арналған ЖИ шешімдер. Сонымен қатар, білім беру процесін автоматтандыратын бес интеллектуалды агент іске қосылды:
1. AI-Kómekshi – студенттің жеке ЖИ көмекшісі.
2. AI-Sarapshy – тесттер мен эсселерді автоматты бағалау.
3. AI-Ústaz – жекелендірілген онлайн-оқыту.
4. AI-Dáris – ақылды сабақ кестесі.
5. AI-Talapker – талапкерлерге арналған сандық кеңесші.
Бұл шешімдер тек университет үшін емес, жалпы өңірлік білім беру жүйесі үшін маңызды. Олар цифрлық теңсіздікті азайтуға, әкімшілік шығындарды қысқартуға, білім сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Мемлекеттің ғылымға салған инвестициясы елдің болашағына қызмет етуі тиіс. Қазақстан ғылымға салынған әрбір теңгенің нақты қайтарымы болуын талап ететін жаңа кезеңге қадам басты. Бұл – зерттеулер қоғамға пайдалы болуы керек деген сөз. Өңірлердегі ғылыми орталықтар, университеттер, жасанды интеллект жобалары осы саясаттың нақты іске асуын көрсетеді.
Шығыс Қазақстанда жүріп жатқан модернизация – ұлттық стратегиялық мақсаттардың өңірлік деңгейде табысты орындала алатынын дәлелдейді. Ғылымға, технологияға және жас кадрларға инвестиция салу – елдің болашағын нығайтудың ең тиімді жолы екені бүгінгі күнде айқын көрініс тапты.
Фото: ШҚУ мұрағаты








