Шығыс ғалымдары әзірлеген имплантат және жасанды интеллектіге негізделген жобалар: вице-министр олардың маңызын бағалады
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің даму қарқынымен танысты. Вице-министрдің Шығыс Қазақстан облысына жасаған жұмыс сапары аясында университеттің ғылыми әлеуеті, инновациялық инфрақұрылымы, сондай-ақ өңір үшін басым саналатын инженерия, цифрлық технологиялар және орнықты даму бағыттарында жүзеге асырылып жатқан жобалар кеңінен көрсетілді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Сапар барысында вице-министр ЖОО-ның негізгі ғылыми, құзыреттілік орталықтары мен технология трансфері алаңдарының жұмысымен танысты. Олардың қатарында «Smart Engineering» құзыреттер, «Қорғаныш және функционалдық жабындар» ғылыми, құрылыс саласы бойынша құзыреттілік және технология трансфері, су шаруашылығы мен су ресурстарын пайдалану, сондай-ақ ақпараттық технологиялар орталықтары бар.
Жоғары лауазымды қонаққа таныстырылған жобалар мен әзірлемелер университеттің өңірдегі өндіріс орындарымен тығыз байланысын, зерттеулердің тау-металлургия кешені, құрылыс, су ресурстарын басқару және өндірісті цифрландыру сияқты салалардағы нақты практикалық мәселелерді шешуге бағытталғаны баяндалды.
«Smart Engineering» құзыреттілік орталығында Академик Батпенов атындағы Ұлттық травматология және ортопедия ғылыми орталығымен бірлескен жобалар назарға ұсынылды. Бүгінде мамандар сұранысқа ие алты түрлі имплантат әзірлейді. Ғылыми бағдарламалар аясындағы клиникалық зерттеулер кезеңінде 137 хирургиялық операция жүргізіліп, оның ішінде науқастарға 28 омыртқааралық кейдж, жамбас сүйегіне арналған 25 пластина, 30 деротациялық пластина, 18 тұрақтандырушы пластина, бұғанадан жарақат алған науқастарға 28 пластина және тобық үстіне арналған 8 пластина орнатылған.
Университеттегі цифрлық трансформациялау және өтпелі цифрлық технологияларды дамыту мәселелеріне де ерекше назар аударылды. «Industrial AI» құзыреттілік орталығында жүзеге асып жатқан «Цифрлық университет» тұжырымдамасы таныстырылды. Мұнда оқу процесін интеллектуалды басқару жүйелерін енгізу, деректерді талдау технологияларын қолдану және жасанды интеллект элементтерін пайдалану арқылы академиялық және басқарушылық процестерді жетілдіру жолдары алғашқы нақты нәтижелерін беруде.
Кездесу барысында өңір кәсіпорындарының өндірістік сараптамасында, техникалық мониторингінде және өндіріс тиімділігін арттыруда жасанды интеллектіге негізделген шешімдерді кеңінен қолдану мүмкіндіктері талқыланды. Бұл орталық серіктестері бүгінгі беделді отандық инжинирингтік IT-компаниялар: «Alpha-Safety» ЖШС, «Rating» ЖШС, «Normal Work» ЖШС, «DeepMine Technologies» ЖШС. Ал тапсырыс берушілері өңірдегі ірі өндіріс нысандары: «Казцинк» ЖШС (Glencore International AG), «Үлбі металлургиялық зауыты» АҚ, «Казахмыс корпорациясы» ЖШС, «Востокцветмет» ЖШС (KAZ Minerals), «Бақыршық тау-кен кәсіпорны» ЖШС (Polymetal International) және өзге де өндіріс алпауыттары.
Бағдарламаның маңызды бөлігі «Жас ғалым» жобасы аясында ғылыми гранттарға ие болған зерттеушілермен өткен кездесу болды.
Бүгінде университетте жүзеге асырылып жатқан әр үшінші жоба жастардың бастамасына тиесілі. Кездесу барысында ғалымдар инженерия, материалтану, ақпараттық технологиялар және орнықты даму салаларындағы өз әзірлемелерін таныстырып, университет ғылымының әлеуетін көрсетті.
Вице-министр жастар ғылымын жүйелі қолдаудың маңыздылығын атап өтіп, олардың ұлттық және халықаралық гранттық бағдарламаларға қатысу мүмкіндіктерін кеңейту қажеттігін айтты. Сонымен қатар ШҚТУ-дың нақты экономика секторының өзекті мәселелерін шешуге бағытталған жаңа буын зерттеушілерін қалыптастыратын маңызды алаң екенін де ерекше атап өтті.
Гүлзат Ізбасарқызы Қазақ-неміс ғылым және технология институтының зертханаларын, Александр фон Гумбольдт атындағы орнықты даму жөніндегі пәнаралық орталықты және «VERITAS» орталығын да аралады. Бұл құрылымдар ШҚТУ-дың халықаралық және пәнаралық ғылыми ынтымақтастығының өзегін құрайды. Мұнда жасыл технологиялар, ресурс үнемдеу, экологиялық қауіпсіздік, жаңа материалдар және өңірлердің орнықты дамуына арналған цифрлық шешімдер бойынша жобалар біріктірілген.
Кездесу барысында шетелдік ғылыми орталықтармен әріптестікті кеңейту, халықаралық консорциумдарға қатысу мүмкіндіктері талқыланды.
Бағдарламаның соңғы кезеңінде «Алтай» Шығыс Қазақстан өңірлік технопаркі өңір экономикасында ғылымды қажет ететін және жоғары технологиялы салаларды қалыптастыруға бағытталған Даму тұжырымдамасын таныстырды. Құжат университет ғылымы, индустриялық серіктестер және инновациялық стартаптар арасындағы байланысты нығайтуды, сондай-ақ шикізатты терең өңдеу, цифрлық тау-кен өндірісі, зияткерлік басқару жүйелері және «жасыл» технологиялар бағытында жаңа жобаларды іске қосуды көздейді.
Тағы бір айта кететін жайт — университеттің алдағы уақытта дамыта алатын жаңа бағыттары бар. Ол үшін барлық алғышарттар жасалған: ғылыми әлеует те, бағытты дамыта алатын мамандар да жеткілікті. Мәселен, біз архиметаллургия жөнінде, демография туралы әңгімелестік. Қазіргі уақытта ғылыми зерттеулер де, кадр даярлау жүйесі де бұрынғыдай бір ғана тар саламен шектелмейді, керісінше, пәнаралық сипат алып келеді. Мұндағы көрмеде жас ғалымдардың жобаларын қарап шықсаңыз да, осы үрдісті анық байқауға болады. Жобалардың басым бөлігі IT + металлургия, IT + геология сияқты біріктірілген бағыттарда іске асырылып жатыр. Бұл — бүгінгі күннің талабы, - деді Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова.
«Алтай» Шығыс Қазақстан өңірлік технопаркі геология және жер қойнауын пайдалану саласында жобалар әзірлеуді жоспарлап отырған жаңа технологиялық компаниялармен келісімдерге қол қойған. Бұл компаниялар технопарк резиденттері ретінде оның инфрақұрылымына, инженерлік сервистеріне, зертханалары мен өндірістік алаңдарына қол жеткізе алады.
Сондай-ақ, университет пен «ВКРТ Алтай» ЖШС және «DJAS company» ЖШС арасында инклюзивті жабдық өндіру жөніндегі бірлескен кәсіпорын құру туралы келісім жасалды. Жоба мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған арнайы жабдықтарды жергілікті өндірісте шығару мүмкіндігін қарастырады. Бірлескен өндіріс әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын, білім беру және денсаулық сақтау мекемелерін, сондай-ақ қалалық ортаны қажетті жабдықтармен қамтамасыз етуге бағытталмақ.
Айта кету керек, 2008 жылы университет жанынан құрылған «Алтай» Шығыс Қазақстан өңірлік технопаркі» ЖШС миссиясы — инновацияларды дамытудың жаңа бағыттарын әзірлеу және енгізу болды. Технопарктегі қатысушылардың үлесін сатып алу және иеліктен шығару бойынша бірқатар мәмілелердің нәтижесінде олардың құрамы өзгерді. Мемлекет активтерін бәсекелестік ортаға беру заңдылығын талдау арқылы университет мүлкін жарғылық капиталдағы үлестермен айла-шарғы жасау арқылы жеке субъектіге беру белгілері анықталған болатын.
Сот талқылауларының нәтижелері бойынша мемлекеттік мүліктен барлық ауыртпалықтар алынып тасталды, университетке үшінші тұлғаға заңсыз берілген технопарктегі қатысу үлесінің 535 млн теңге болатын 78,48%-ы қайтарылды және технопарктің жосықсыз тең құрылтайшы алдындағы 1,6 млрд теңге мөлшеріндегі берешегі жойылды. Тергеу жүргізілуде. Осылайша, технопарктегі қатысу үлесінің 100%-ы мемлекетке қайтарылды.
Айдос Мырзахметов
Фото: Артем Жигулин
Видео: Руслан Акматалиев










