Подиум мен педагогиканы, сұлулық пен парасатты, өнер мен еңбекті бір арнаға тоғыстыра білген Шығыстың аруы
Өскеменнің нәзік те нық мінезді аруы – Диана Қырымқызы биыл республикалық «Қазақ аруы» ұлттық байқауында ІІ орын иеленіп, көпшілікке жаңа қырынан таныла түсті. Ол – Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің география факультетінің екінші курс студенті. Бірақ Диананы тек болашақ мұғалім ретінде ғана емес, сахна мәдениетін терең сезінетін, болмысында нәзіктік пен батылдықты үйлестіре білген жаңа буын қазақ аруының бейнесі ретінде қабылдауға болады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Қазақ қызы – ұлттың айнасы, тәрбиенің тұнығы, сұлулық пен ибаның, парасат пен таланттың үйлесім тапқан көркем бейнесі.
2011 жылдан өткізіліп келе жатқан дәстүрлі «Қазақ аруы» байқауы тек сыртқы сымбат жарысы ғана емес, ең әуелі қазақ қыздарының ана тілін құрметтеуін, өнерге жақындығын, салт-дәстүрге беріктігін және интеллектуалдық әлеуетін айқындайтын рухани алаң.
Жыл сайын еліміздің әр өңірінен жиналған арулар сахна төрінде өз білімін, өнерін, шешендігін және ұлттық болмысын таныстыра отырып, «қазақ қызы қандай болуы керек?» деген ұғымға жаңа мазмұн береді. Ұйымдастырушылар бұл жобаны қарапайым сән бәсекесінен биік қойып, қыз баланың бойындағы инабат, тәрбиелілік, отансүйгіштік, мәдени талғам секілді асыл қасиеттерді дәріптеуге бағыттап келеді. Сондықтан «Қазақ аруы» — ұлттың ұлы мұрасын жас ұрпаққа жеткізетін, ұлттық тәрбие мен нәзік сұлулықты тоғыстырған тағылымды тағдырлар алаңы.
Қолдаудан — үлкен қадамға дейін
Диананың конкурсқа қатысу туралы шешімі бір күнде қабылданған жоқ. Ол — жақындарының, достары мен әлеуметтік желідегі көрермендерінің қолдауынан туған батыл қадам.
Оның пайымынша, қазақ аруы — тек сұлулық символы ғана емес.
Қатаң кастинг және сынға толы жол
Байқауға тіркелген 700-ге жуық үміткердің арасынан іріктеліп шығудың өзі — үлкен жетістік. Кастинг төрт кезеңнен тұрды: өнер көрсету, дефиле, сұхбат және пікірталас. Әрбір сынақтан сүрінбей өту үшін табандылық пен темірдей тәртіп қажет еді.
Финалға дейін жеткен жолда ол өзін рухани тұрғыдан шыңдап, төзімділік пен ішкі тәртіпті меңгергенін айтады.
Дефиле — жүрекке жақын сәт
Конкурс кезеңдерінің ішінде Диана үшін дефиле ерекше әсер сыйлаған.
Диананың сахнадағы сенімді жүрісі бекер емес —ол бимен бес жасынан бері айналысады. Этикетті, өз-өзіңді ұстау мәдениетін бала кезінен меңгеріп, түрлі сахналық жағдайларда қалай әрекет етуді жақсы біледі.
Бойжеткен байқау кезінде болған тосын оқиғаны да есіне алды.
Жеңіс пен сынның арасы
Екінші орын — Диана үшін үлкен жетістік. Алайда өзіне өте талапшыл ол бірінші орыннан сәл төмен түсуінің себебін де ашады:
Финалға шыққан қарсыластарының барлығын да Диана «Қазақ аруы» атануға әбден лайық деп бағалайды.
Өмір жолы: ерте есейген Диана
Диана — отбасындағы кенже қыз. Әкесі Қырым Диананың 11 жасында өмірден өткен. Анасы — кәсіпкер, сауда саласында еңбек етеді. Ағасы металлург болып Астанада жұмыс істесе, әпкесі — тұрмыста.
Диананың өзі «мен толық емес отбасында тәрбиелендім» дегенімен, бойжеткеннің өзін-өзі ұстауынан, ішкі парасатынан бала кезден ата-ананың махаббатына шомылып өскені көрініп тұр.
Бүгін Диананың бойында сол есімге сай болмыс қалыптасып келеді: нәзік, бірақ нық, заманауи, бірақ ұлттық рухы берік қазақ қызы. Үй тірлігіне де ұқыпты: тазалыққа ерекше мән береді, барлығы жинақы тұрғанын қалайды. Тамақ әзірлеуге аса шебер болмаса да, тәртіп пен ұқыптылық — Диананың басты ұстанымы.
Сән индустриясында жүргеніне қарамастан, Диана кәсіби жоғары білім жолын таңдаған. Ол – болашақ география пәнінің мұғалімі. Педагогика саласына оқуға түсу үшін қазір ең жоғары балл жинау керектігін ескерсек, бойжеткеннің мектеп те сабақты үздік оқығанын көреміз.
Бойжеткен болашақта модельдік мансап пен ұстаздықты қатар алып жүруге ниетті.
Шығармашылық болмысы
Диана өзін бір ғана өнер саласымен шектемейді: сурет салады, қолөнерге қызығады, өлең де жазады. Өскемен қаласындағы №46 қазақ мектебін тәмамдаған соң, ана тілін жетік меңгерген.
Көптеген ата-ана баласын шамадан тыс үйірмелерге апарып, бос уақытын алғысы келмейді. «Баланың балалық шағы болу керек» деп ойлайды. Ал Диана ештеңеге өкінбейді екен.
Байқаудан кейінгі мүмкіндіктер
«Қазақ аруы» байқауында Шығыс Қазақстанның намысын қорғаған Диана Қырымқызы қыз сынының барлық кезеңінде тыңғылықты дайындықтың үлгісін көрсетіп, сыртқы сұлулық пен ішкі парасаттың үйлескенін айқын дәлелдеді. «Қазақ аруы» жобасының Instagram желісіндегі ресми парақшасында 13 160 дауыс жинаған Диана Қырымқызы тұғырлы екінші орынды жеңіп алды.
Сұлулық күтімі: өзін сүю мәдениеті
Диана бала кезінен «әдемі, нағыз ханшайым» екенін түйсініп өскендіктен, онда жасөспірім кезінен өзіне көңілі толмау, өзін сүйкімсіз сезіну сияқты сезімдер болмапты. Бүгінде көп түсірілім, күнделікті қолданылатын макияж — тері күтіміне аса мән беру қажеттігін жүктейді. Диана кореялық косметикалық құралдарды қолданып, тері тазалығына жіті қарайды. Ару үшін ең бастысы - адамның жан сұлулығы мен мейірім. Өзі сияқты арман қуған қыздарға айтары да сол.
Диана Қырымқызы – подиум мен педагогиканы, сұлулық пен парасатты, өнер мен еңбекті бір арнаға тоғыстыра білген жаңа заман қазақ аруының келбеті. Оның сән әлеміндегі жолы енді басталып жатыр. Ал бұл жолдан жарқырап өту — өзіне деген сенім мен үздіксіз ізденістің, тынымсыз еңбектің жемісі.
Айна Ескенқызы


