Резидентурада балаларға арналған бағыттар ашылады

Балаларға көрсетілетін медициналық көмекті жақсарту үшін елімізде дәрігерлерді дайындау жүйесіне жаңа өзгерістер енгізілмек. Енді резидентурада (мамандандырылған дәрігерлік оқу кезеңінде) балаларға арналған бағыттар бөлек оқытылатын болады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бұл жаңашылдық – педиатрия саласын терең меңгерген мамандарды көбейтуге бағытталған маңызды қадам. Өйткені қазіргі таңда балаларға арналған тар бейінді дәрігерлер – нефролог, нейрохирург, анестезиолог сияқты мамандар жетіспейді.
Мамандардың айтуынша, балалар мен ересектердің денсаулығы, аурудың белгілері мен емдеу тәсілдері өте әртүрлі. Сондықтан дәрігерлерді арнайы балалар бағытымен оқыту қажет.
Жаңа жүйе бойынша болашақ дәрігерлер 20 түрлі балалар мамандығы бойынша білім алады. Олардың қатарында:
- балалар кардиологиясы мен кардиохирургиясы
- балалар анестезиологиясы
- балалар инфекциялық аурулары
- балалар нейрохирургиясы
- балалар пульмонологиясы
- жақ-бет хирургиясы
- балалар нефрологиясы және тағы басқа салалар бар.
Бұл өзгерістердің басты мақсаты – балаларға медициналық көмекті қолжетімді және сапалы ету. Сонымен қатар бұл денсаулық сақтау саласын жаңғыртуға бағытталған нақты қадамдардың бірі болмақ.
Дереккөз: ҚР Денсаулық сақтау министрлігі