Бүгін – Тәуелсіздік күні
![](/kz/uploads/posts/2022-12/5fe034e130d47444630441.webp)
Қазақстан Республикасының өз тәуелсіздігін жариялап, дербес мемлекет атанғанына бүгін 31 жыл толып отыр.
16 желтоқсан – ата бабамыздың арманы орындалып, жасампаздығымызды жаңа белеске көтерген күн. Тәуелсіздік күні – бар ғұмырын бостандық үшін күреске арнаған боздақтардың жанкешті еңбегі мен ерен ерлігін еске алатын қастерлі мереке.
Бұл атаулы күн 1991 жылғы желтоқсанның 16-сында Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Н.Ә.Назарбаев қол қойған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» және 2008 жылғы 25 маусымдағы және 2009 жылғы 22 сәуірдегі заңдармен өзгертулер енгізілген 2001 жылғы желтоқсанның 13-інде «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» ҚР заңдарына сәйкес атап өтіледі.
Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары еліміз шекарасы бекітіліп, халықаралық аренада мемлекетіміздің беделінің өсуіне бағытталған шаралар жүзеге асты. Жыл сайын біздің еліміз халықаралық аренада үлкен қадамдар жасап, даму жолында айтарлықтай жетістіктерге жетуде. 31 жыл - бұл тарихи ауқым бойынша салыстырмалы түрде қысқа мерзім. Алайда осы уақыт ішінде Қазақстан Орталық Азияда көшбасшы болып танылып үлгерді. Тұғыры – тыныштық, тірегі – тұрақтылық, тілегі – татулыққа негізделген Қазақ елін бүгінде әлем бейбітшілік бесігі деп мойындайды. Мемлекетіміздің болашақта әлі де талай орасан зор жетістіктерге жететініне бүгінгі ұрпақтың сенімі мол.
Ендеше тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, мемлекетіміздің мерейі үстем, еліміздің егемендігі баянды болсын!