Елизавета Белецкая: «Азиадада жүлде аламын деп ойламадым»
Биатлоннан Қазақстан әйелдер құрамасы 2025 жылғы қысқы Азия ойындарында қола медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Біздің команда 4х6 шақырымдық эстафетада Қытай мен Оңтүстік Кореядан кейін үшінші орын алды. Байрақты бәсекеде ел намысын Ольга Полторанина, Дарья Климина, Арина Крюкова және Елизавета Белецкая қорғады.
Бүгін Өскемен әуежайында осы төрттіктің құрамында өнер көрсетіп, ел қоржынына қола медаль салған Елизавета Белецкаяны жанкүйерлер гүл шоқтарымен, әнмен қарсы алды. Ұшақтан түсе салысымен жерлестерінің ыстық ықыласына бөленген риддерлік биатлоншы қуанышын жасыра алмады.
Елизавета бала күтіміне байланысты спорттан біраз уақыт қол үзген еді. Осыны ескерсек, оның Азия ойындарында жоғары нәтиже көрсетуі – үлкен жетістік.
Айта кетейік, Қытайда өткен 2025 жылғы Азия ойындарында Қазақстан спортшылары 20 медаль жеңіп алды. Оның төртеуі – алтын, тоғызы – күміс, жетеуі – қола. Жалпыкомандалық есепте Қазақстан құрамасы Қытай, Оңтүстік Корея және Жапониядан кейін төртінші орын алды.
Нұржан Кенжеұлы
Фото: Махаббат Ахметжанова