Самар ауданында балық аулаудан жарыс өтті
Самар ауданында туризмді дамыту мақсатында қысқы балық аулаудан жарыс өтті. Самар Ертістің жағасын жайлаған аудан болғанымен, мұз үстінде балық аулау сайысы мұнда алғашқы рет ұйымдастырылды. Ересектермен бірге мектеп оқушылары да мұз ойып, қармақ салды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Сенбінің таңында Самар аудандық ішкі саясат бөлімінің қызметкерлері мұз үстінде қармақ салып отырған демалушыларды өзара сайысқа түсуге шақырған. Ниет білдіргендердің барлығына әуелі жарыстың ережесі түсіндірілді. Яғни, бір сағат ішінде кім көп балық аулайды, сол жеңіске жетеді. Ауланған балықтар санымен емес, салмағымен өлшенеді. Сонымен қатар бірінші аулағанқатысушыға да,ең үлкен балық ұстаған қатысушыға дасыйлық қарастырылды. Сөйтіп, бір сағат уақыт белгіленіп, балықшылар әр жерге жайғасты.
Қорытынды бойынша, жарысқа белсене қатысқан бір үйдің балалары Төрежан Ералы мен Ержан Ералы «Ең жас қатысушы» номинациясымен марапатталып, сыйлықтарға ие болды. Үшінші орын Жандос Қайырбековке бұйырды. Екінші орынға бір орында тапжылмай қармақ қаптырған Андрей Эккель ие болды. Бір сағатта жалпы салмағы екі келі балық суырған Әмірхан Ыхай бірінші орынды қанжығаға басты.
Бұл байқау алдағы уақытта да жалғасады.
Ержан Әбіш