«Ертіс» ӘКК» АҚ: Картоп жеткілікті. Мәселе тапшылықтан емес, баға арасындағы үлкен айырмашылықтан
Картоптың бағасы туралы негізді-негізсіз ақпарат әлі де таралып, өнімнің бар-жоғы, құны мен сапасы қызу талқылануда. Алайда ресми деректерге сүйенсек, өнім қоры жеткілікті. Қалыптасқан ажиотаж тек картоптың нарықтық құны мен тұрақтандыру бағдарламасы аясындағы бағасының айырмашылығынан туындаған.
«Ертіс» ӘКК» АҚ тұрақтандыру бағдарламасы аясында әлеуметтік маңызы бар көкөніс өнімдерін, оның ішінде картопты, тұрақты түрде сауда павильондарына жеткізіп отыр. Бүгінгі таңда әлеуметтік маңызы бар көкөністердің бағасы тұрақты: картоп, сәбіз және қырыққабат келісіне 125 теңгеден, ал пияз – 130 теңгеден саудалануда.
«Алтай» көтерме-тарату орталығы мен «Ертіс» ӘКК» АҚ арасында жасалған келісімшарт аясында 2024 жылдың 1 қарашасынан 2025 жылдың 1 мамырына дейін 5 500 тонна картоп мөлшері контрактіленген болатын. Бүгінгі күні қорда осы көлемнің жартысына жуығы бар, бұл келісімшарт мерзімі аяқталғанға дейін жеткілікті көлем. Ал маусымаралық кезеңде (маусым-шілде) жыл сайын ерте пісетін көкөністерге жаңа келісімшарт жасалады.
Тұрақтандыру бағдарламасы аясында тек картоп қана емес, сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар өнімдер санатына кіретін сәбіз, пияз және қырыққабат та сатып алынды. Келісімшарт жасалған өнім көлемі: сәбіз – 1 300 тонна, пияз – 900 тонна, қырыққабат – 1 350 тонна.
Ел Шығысында баға тұрақтандыру бағдарламасы қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Өнімдер «Ертіс» ӘКК» АҚ 17 сауда павильондарына күнделікті сатушылардың өтінімдері негізінде жеткізіліп, үлестіріледі. Дегенмен, бұл сауда дүңгіршектері көтерме саудаға арналмағанын ескеру қажет. Картоп тек бөлшек саудада сатылады, алыпсатарлыққа жол бермеу мақсатында қаппен сату жүзеге асырылмайды. Сонымен қатар, облыс орталығындағы 30-ға жуық дүкен «Ертіс» ӘКК» АҚ-мен жасалған меморандум аясында әлеуметтік маңызы бар төрт өнім түрін ӘКК павильондарымен бірдей бағамен сатуда. Айта кетерлігі, кез келген уақытта бұл меморандумдар аясындағы дүкендер қатары азаюы да, көбеюі де мүмкін.
Мамандардың айтуынша, Шығыс Қазақстандағы ажиотаждың басты себебі – картоп тапшылығы емес, баға айырмашылығы. Әлеуметтік корпорация павильондарында картоп 125 тг/кг сатылса, толайым сауда базарларында баға 250-350 тг/кг аралығында. Осыған бола арзан картопқа сұраныс артып отыр. Алайда тәжірибе көрсеткендей, бұл - маусымдық баға ауытқуына байланысты уақытша құбылыс. Бұған дейін де осындай жағдай қант, қарақұмық, жұмыртқа сияқты өнімдер бойынша орын алған еді.
Айта кету керек, келісімшарт жасалған кезде мамандар өткен жылдардағы тәжірибеге сүйеніп, баға мен өнім көлемін өзгеріссіз қалдырды. Бұл шешім «Шығыс Қазақстан облыстық әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларын тұрақтандыру комиссиясы» тарапынан мақұлданды. Алайда, қазіргі таңда әлеуметтік картоп пен нарықтық картоп бағасы арасындағы айырмашылық ажиотаж тудырып отыр. Аймақтағы ең қолжетімді баға – 125 тг/кг болғандықтан, жеткізілген өнім әдеттегіден тез сатылып кетуде. Мамандар айтуынша, таңертең жаппай сатылып кеткен картоптың келесі жеткізілуі ертеңгі күн екенін жұрт ескеруі керек.
Жалпы, картоптың сатып алу бағасы мен өзіндік құны барлық өңірлерде өскендіктен, әлеуметтік бағадағы өнімге ірі көтерме саудагерлердің де қызығушылығы артты. Дегенмен, «Ертіс» ӘКК» АҚ-ның негізгі міндеті – өңірдегі бизнеске бәсекелестік тудыру емес, керісінше, нарықты монополияға айналдырмай, кәсіпкерлерді қолдай отырып, маусымдық ауытқулар кезеңінде бағаны тұрақтандыру және әлеуметтік маңызы бар өнімдердің халыққа қолжетімділігін қамтамасыз ету.
Қазіргі кезеңдегі басты міндет те осы – картоптың тұрғындарға қолжетімділігін қамтамасыз ету. Жеткізу процесі ӘКК мен «Алтай» КТО арасындағы келісім негізінде жүзеге асырылады. Өз кезегінде, «Алтай» орталығы 2024-2025 жылдарға «Агрофирма Приречное» ЖШС-мен келісімшарт жасасты. Осылайша, қазіргі картоп Өскеменге Абай облысынан жеткізілуде. Қашықтық пен ауа райы жағдайларын ескерсек, қыста өнімнің үсіп қалуын болдырмау үшін қарапайым ірі әрі сыйымды жүк көліктерімен жеткізу жүзеге асырылмайды. Облыс орталығына күніне 1-2 шағын жүк көлігі келеді. Олар жылуды реттегіші мен арнайы желдеткіш жүйемен жабдықталған, сыйымдылықтары 5-10 тонна.
Сауда павильондарының аумағы 18 м² болғандықтан, оларды тек картоппен «бітеп тастау» (толтыру) мүмкін емес. Павильондарда кәсіпкер сатып отырған өзге де өнімдер бар. Тұрақтандыру бағдарламасы аясындағы басты міндет – келісімшарт мерзімі аяқталғанға дейін (2025 жылдың мамыры) тұрақты бағаны сақтау және картоптың үздіксіз қолжетімді болуын қамтамасыз ету.
«Ертіс» ӘКК» АҚ мамандары ағымдағы келісімшарт бойынша өз міндеттемелері толық орындалатынын, қоймадағы қор жеткілікті болғандықтан өнім жеткізілімі күнделікті жүргізілетінін мәлімдеді.