Өскеменде қазақ күресінен ел чемпионаты басталды
Өскеменде қазақ күресінен кіші жасөспірімдер мен жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионаты басталды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жарыстың ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Дархан Сапанов қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.
Алты күнге созылатын байрақты бәсекеге еліміздің барлық өңірінен келген жас балуандар қатысуда. Биылғы ел біріншілігінде 1 300-ге жуық спортшы өз бағын сынап жатыр. Бұл туралы облыстық қазақ күресі федерациясының президенті Оразбек Базарбайұлы мәлімдеді.
Сонымен қатар, ол соңғы жылдары Шығыс Қазақстанда жастардың қазақ күресіне деген қызығушылығы айтарлықтай артқанын атап өтті.
Өскемендегі Қажымұқан атындағы Жекпе-жек сарайында жалауы желбіреген жарыстың жүлделері үшін Астана, Алматы, Шымкент қалаларының, сондай-ақ Абай, Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Ұлытау және Шығыс Қазақстан облыстарының спортшылары таласады.
Нұржан Кенжеұлы
Фото: Махаббат Ахметжанова
Видео: Ермек Жиенбеков