Глубокое аудандық соты жаңа ғимаратқа көшті – ШҚО
Глубокое аудандық соты жаңа ғимаратқа көшті. Осыған дейін өткен ғасырдың 60-шы жылдары салынған ескі әрі тар ғимаратта орналасқан жергілікті фемида қызметкерлерін жаңа қоныстарымен Шығыс Қазақстанға жұмыс сапарымен келген Жоғарғы сот төрағасы Асламбек Мерғалиев пен облыс әкімі Ермек Көшербаев құттықтады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Қазіргі заманның талабына сай салынған ғимаратта азаматтар мен процеске қатысушылар, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін барлық жағдай жасалған. Екі қабатты нысанның жалпы ауданы – 1 500 шаршы метр. Кең әрі самаладай жарық ғимарат ішінде 26 кабинет бар. Құрылыс жұмыстары 2019 жылы басталып, таяуда ғана аяқталған.
Сот әкімшілігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Оян Мүтәләповтың айтуына қарағанда, ғимараттың бірінші қабатында фронт офис, сондай-ақ процеске қатысушыларға арналған күту залы орналасқан. Бұған қоса мұнда бес сот отырысы залы, электронды істер мен материалдарды қарауға, сонымен бірге медиатор мен адвокатқа арналған бөлмелер де бар екенін айту керек.
Жоғарғы сот төрағасы Асламбек Мерғалиев жаңа ғимарат шынымен де барлық талап-тілекті ескере отырып салынғанын атап өтіп, нысан төрелік пен туралықтың ордасына айналатынына, ал ондағы сот қызметкерлері әділдіктің туын жықпай адал қызмет ететінін сенім білдірді.
Бұдан соң салтанатты жиынға қатысқан қауымға сот саласының ардагері Алтайбек Әнуарбекұлы ақ батасын беріп, артынша лента қию рәсімі өтті.
Сондай-ақ облысымызға жұмыс сапарымен келген Жоғары сот төрағасы Асламбек Мерғалиев пен облыс әкімі Ермек Көшербаев облыстық сот ғимаратында өткен алқалы жиынға қатысып, 2023 жылдың қорытындысына арналған есепті тыңдады.
Жиында белгілі болғандай, былтыр ғана аймақта 1 200-ден астам қылмыстық және 20 мыңға жуық әкімшілік іс қаралған. Бір атап өтерлігі, оның 25 пайызға жуығы екіжақты келісім, яғни медиация жолымен шешімін тапқан.
Суреттер: Данияр Сағидолдин