Кассалық шығыстарды тексеру барысында 463 күмәнді операция анықталды
Облыстық әкімдікте жауапты сала мамандары сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат жүргізу жолдарын кеңінен тарқата талқылады.
Семинар облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағановтың және Шығыс Қазақстан облысы бойынша Қазынашылық департаменті басшысы Нұржан Оразбековтің қатысуымен өтті,- деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Өңірдегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдері туындау мүмкіндігін анықтау үшін мемлекеттік мекемелердің кассалық шығыстарына тексеру жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде, жалпы сомасы 118 миллион теңгені құрайтын 463 күмәнді операция анықталды. Мұндай күдік ұялататын әрекеттердің дені Самар, Тарбағатай, Зайсан, Шемонаиха аудандары мен Өскемен қаласындағы мемлекеттік мекемелерде орын алған.
Шығыс Қазақстан облысы бойынша Қазынашылық департаменті басшысының орынбасары Қуандық Жұмаділовтің айтуынша, мекемелердегі қаржылық қызмет бөлімінің мамандары бюджет толық игерілді деп есеп тапсыру үшін әртүрлі құйтұрқы әрекеттерге барып жатады. Мәселен, Самар ауданындағы балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің ұжымы тамыз айының соңында жалпы құны 2 миллион 600 мың теңгені құрайтын 73 төлем жүргізген.
Алайда, осы қаражат көлемі ағымдағы жылдың 1-ші қыркүйегіне дейін әртүрлі себептермен аталмыш мекеменің реквизиттеріне кері қайтарылған. Сондай-ақ аталмыш ұжым дәл осындай 27 күмәнді әрекетті 30-шы қыркүйек күні 7 миллион 600 мың теңгеге жасап, бюджет қаражатын игергенін көрсеткен. Ал, шын мәнісінде қаржы тиісті мақсатта жұмсалмай қалған екен.