KZ
Өскемен
-8°
туман жел 1 м/с, С
512.83 600.58 6.36

Шығыста полиция автопаркі жаңартылды: 198 жаңа қызметтік көлік пайдалануға берілді

22.11.2025, 13:30 714 Базарова Айгүл

Шығыс Қазақстан облысында ішкі істер органдарының материалдық-техникалық базасын жаңғырту бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Өскемен қаласының орталық алаңында өткен ресми шара барысында өңір полицейлеріне 198 жаңа қызметтік автокөліктің кілттері табысталды. Бұл қадам құқық қорғау жүйесінің мүмкіндіктерін кеңейтуге және аймақтағы қоғамдық қауіпсіздік көрсеткішін жақсартуға бағытталған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Автокөліктерді табыстау рәсіміне облыс басшылығы, ішкі істер органдарының өкілдері қатысты. Ресми мәліметтерге сәйкес, жаңа техника патрульдік бөлімшелер, жедел-тергеу топтары және аудандық полиция бөлімдері арасында бөлінбек.

– Қоғамдық тәртіпті сақтау және азаматтарымыздың қауіпсіздігін қорғау ортақ міндетіміз. Осы мақсатта ішкі істер органдарының материалдық-техникалық әлеуетін күшейту жаңа автокөліктер мен заманауи құрал жабдықтармен, байланыс техникаларымен қамтамасыз ету бағытындағы жұмысымыз жыл сайын жалғасып келе жатыр. Кез келген құқықбұзушылыққа жедел әрекет ету мүмкіндігін арттыру, құқықбұзушылықтардың алдын алу және қызметтің ашықтығын қамтамасыз ету басымдықтарымыздың бірі. Ежелден «ер қанаты - ат» деп білген бабаларымыз батырларымыздың салт жүруі, жүйрік мінуін ерекше назарда ұстаған. Бүгін күнделікті қызметтеріңіздің сенімді құралына айналатын көліктерді салтанатты түрде тапсырамыз. Кәсіби біліктіліктеріңіздің арқасында тәулік бойы азаматтардың қауіпсіздігі мен өңір тыныштығы сақталып отыр. Жаңа темір тұлпарлар бұл қызметтің, қауіпсіздіктің сапасын жаңа деңгейге көтерері хақ. 2023 жылы 136 автокөлік қолданысқа берілсе, бүгін 190-нан астам кілт табыстаймыз. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табатын болады, - деді облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов. 

Көліктер қызметтік міндеттерді орындауға арналған қажетті арнайы жабдықтармен қамтылған. Бұл, әсіресе, шалғайдағы ауылдық округтерде жұмыс істейтін полиция қызметкерлерінің уақтылы әрекет етуіне, жол-көлік жағдайында маневрлік мүмкіндіктің артуына және жедел қызмет көрсетудің сапасын жақсартуға ықпал етпек.

– Полиция департаментін материалдық-техникалық тұрғыда нығайту қойылған міндеттерді орындауда маңызды рөл атқарады және шұғыл жағдайдың күрт өзгеруіне жедел ықпал етуге көптеп септігін тигізеді. Жеке құрамның атынан облыс әкімдігіне ерекше алғысымды білдіремін. Ішкі істер органдарының қызметін, мүлкін әрдайым назарда ұстап, қолдау білдіріп келесіздер. Заң мен тәртіпті негізге ала отырып азаматтардың қорғанысына, қоғамдық тәртіпті сақтауға шығатын қызметімізде жаңарған автопарк жұмыс сапасын арттыра түсірмек, - дейді ШҚО ПД бастығы, полиция генерал-майоры Ерлан Омарбеков. 

Автопарктің жаңаруы өңірдегі құқық қорғау органдарының инфрақұрылымдық әлеуетін арттырып, полицияның күнделікті жұмысына техникалық қолдау көрсетеді. 

– Автокөліктер өте жайлы және заманауи техникалармен жабдықталған. Жол көлік қозғалысын реттеуге өте ыңғайлы екенін айтқым келеді. Әрине, басшылық құрамға және облыс басшылығына осындай материалдық-техникалық база үшін алғысымыз шексіз, - дейді Облыстық патрульдік полиция батальонының командирі Дархан Такиров. 



Айдос Мырзахметов

Фото/видео: Жәнібек Ырысбай

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу