Өскемендегі мектептерде ауқымды жөндеу жұмыстары жүріп жатыр
Қазір Өскемендегі мектептерде жаңа оқу жылына дайындық барысы қарқынды жүріп жатыр. Биылғы қала мектептерінде болатын бір жаңашылдық – дабыл жүйесі мен турникеттердің орнатылуы. Себебі бала мен қызметкерлер қауіпсіздігі аса маңызды.
Өскемендегі №12 мектеп осыдан 50 жыл бұрын салынған. Білім ошағы биыл ағымдағы жөндеуден өтіп жатыр. Құрылысшылар ғимараттың есік-терезелерін және жылыту жүйелерін толығымен алмастырған. Маусым айынан бері атқарылған тірлік мектеп басшыларының көңілінен шыққан.
- Алғашқы қоңырау соғылар сәтке екі айдан аз ғана уақыт қалды. Жұмыс толығымен, сапасымен істелуде. Терезелердің барлығы пластикке, линелиумға ауыстырылып, 80 пайызға дайынбыз, - дейді Ольга Ананишникова.
Қаладағы жөндеу жасалып жатқан бірнеге нысанның жұмыс барысын көзбен көрген Өскемен әкімі Жақсылық Омар сын-ескертпелерін айтып, мердігер мекемеге жұмысты жеделдетуді тапсырды.
- Біз апта сайын жөндеу жүріп жатқан мектептерді тексереміз. Ондағы мақсат - жөндеу жұмыстарының сапасы, одан кейін жұмыстың мерзімі, яғни, бекітілген уақытқа дейін мердігерлер үлгере ме дегендей. Себебі бұл - маңызды. 20 тамызға дейін барлық жөндеу жұмыстарын аяқтап, оқушыларды 1 қыркүйекте қабылдауға дайын болуымыз керек. Мектептердің ешқайсысында үлкен проблема жоқ. Себебі терезе, есік, қашаларды ауыстыру, аулаларды абаттандыру сынды ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, - дейді қала әкімі Жақсылық Омар.
Айта кетейік, биыл білім бөліміне қарасты 42 білім мекемесін жөндеуден өткізу үшін бюджеттен 1, 5 млрд жуық қаражат қарастырылған болатын. Міне, қазіргі уақытта қаладағы бірқатар нысандарда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.