Өскемен-Қайсенов: Жол ақысы қымбаттады

Өскемен қаласы мен Қайсенов кенті арасында жолаушыларды тасымалдайтын қоғамдық көлікте жол жүру ақысы қымбаттады.
Бұған дейін жол ақысы 120 теңге еді, енді бірден 200 теңгеге өсіп кеткен. Халық арасында түсінбеушілік туындағандықтан "Ұлан-Адалдық алаңы" жобалық кеңсесінің жетекшісі Алия Аубакирова мәселенің мән-жайын анықтады.
- "Ұлан-Адалдық алаңы" жобалық кеңсесінің әлеуметтік желідегі ресми парақшасына жергілікті тұрғындардан жол ақысының қымбаттауына байланысты сұрақтар түсті. Халықтың сұрағына жауап беру мақсатында облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мамандарымен жолығып, анық-қанығын білдік, - дейді Алия Аубакирова.
Өскемен-Қасым Қайсенов бағыты бойынша қызмет көрсететін "РОСТ" ЖШС 4 мамыр күні жол ақысын көтеру бойынша өтінім білдірген екен.
- ҚР Көлік және коммуникациялар министрлігінің 2011 жылғы 13 қазандағы № 614 бұйрығы бойынша Тұрақты маршруттар бойынша жолаушылар мен багажды тасымалдау жөнінде қызмет көрсетуге тарифтерді есептеу әдістемесінің 8-пунктіне сәйкес, тұрақты бағыттардағы жол ақысы оларға байланыссыз баға факторлары бойынша (отын және жағармай материалдарының, автошиналардың, аккумуляторлар мен қосалқы бөлшектердің бөлшек бағасының қымбаттауы немесе төмендеуі) тасымалдаушылардың нақты шығыны 10%-дан артық өзгерген кезде қайта түзетіледі. Тасымалдаушы ұсынған есептердің жоғарыда аталған әдістемеге сәйкес келетін-келмейтіні тексерілді, - деп түсіндірді облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасындағылар.
Айта кеткен жөн, Өскемен-Қайсенов бағытындағы жол ақысы 2017 жылдан бері (4 жыл бойы) өзгермеген.
- Тарифтердің көтерілуіне әсер еткен себептің бірі - Өскемен қаласы мен кент арасында заңсыз такси қызметі дегенді айтып отыр. Такси жүргізушілері міндетті медициналық тексерістен өту, көліктерді техникалық тексерістен өткізу талаптарын сақтамайды, "көлеңкелі экономиканы" өршітіп отыр. Осылайша заңсыз такси қызметін пайдаланған жолаушылар да бастарын қатерге тігіп отыр, - дегенді алға тартады басқарма мамандары. - Ал "РОСТ" ЖШС өндірістік-техникалық базаны қамтамасыз ету, күнделікті автобус тізгініне отыратын жүргізушілерді медициналық тексерістен өткізу, көліктерді техникалық тексерістен өткізу сынды күнделікті рәсімдер үшін заң негізінде шығынға батады.
Естеріңізге сала кетейік, қала мен кент арасында жолаушыларды тасымалдайтын таксилер де жыл басынан бері жол құнын 300 теңгеге дейін көтерген болатын.
- Жаңа заң бойынша такси қызметін ұсынатындарды ЖК (ИП) ашып, кассалық аппарат қоюға міндеттеген болатын. Қазіргі таңда әр такси жүргізушісі мемлекетке тиісті салықты төлеп отыр, - дейді такси жүргізушілерінің бірі Марат.