KZ
Өскемен
-20°
туман жел 1 м/с, С
499.22 519.14 5.64

Қысқы маусымның жабылуы: Риддерде мерекелік шара өтті (видео)

Бүгін, 16:50 79 Бакимбаева Айна

Риддер қаласындағы «Эдельвейс» тау шаңғысы демалыс базасының аумағында қыс мезгілінің аяқталуына орай Аяз Ата мен Ақшақар өз резиденциясына аттанды. Мерекелік шара ертегі әлемінен шыққан кейіпкерлердің қатысуымен ұйымдастырылып, қонақтарға ұмытылмас эмоциялар мен қуанышты сәттер сыйлады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

– Бүгінгі шара қаңтарда ұйымдастырылған Аяз Аталар мен Ақшақарлар фестивалінің жабылу салтанаты деуге болады. Сол жолы 200-ден астам Аяз Ата мен Ақшақар жиналған еді. Бүгін балалар да тау басына шығып, шаңғымен сырғанап, қыстың басты кейіпкерлерін шығарып салуға жиналды, – деді облыстық филармонияның креативті индустрия бөлімінің жетекшісі Рахат Сәрсембеков.

Тау шаңғысы трассасы бойымен эльфтер, Аяз Ата, Ақшақар және басқа да ертегі кейіпкерлері шаңғымен сырғанап түсті. Бұл әсерлі көрініс жиналған қауымның көңілін көтеріп, әрбір қатысушыға өзін қысқы ертегінің ішінде жүргендей сезінуге мүмкіндік берді. Көңілді әрі ерекше шара тау шаңғысы трассасының етегінде ұйымдастырылған мерекелік флешмобпен жалғасты.

– Міне, қыс мезгілі сіздермен қоштасып, орнын көгілдір көктемге беретін сәт те келіп жетті. Сіздерге Аяз Ата мен Ақшақарды қыстың басында қарсы алып, енді шығарып салған осындай керемет фестиваль ұйымдастырғандарыңыз үшін алғысым шексіз! Келесі қысқа дейін аман-сау болыңыздар! Риддер қаласының табиғаты тамаша екен, бір жасап қалдық, – деп қоштасты Аяз Ата өзін шығарып салуға жиналған жұртпен.

Бұл іс-шара тек қыс мезгілімен қоштасу ғана емес, сонымен қатар сиқырлы сәттер мен жарқын естеліктер қалдырған қуанышты мереке болды. Келушілер ерекше эмоцияларымен бөлісіп, демалып қайтты.

Фото: Нелли Петенева

Видео: Ермек Жиенбеков

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу