KZ
Өскемен
-11°
туман жел 2 м/с, СШ
498.34 519.72 4.85

Ата-аналар наразы: Бүгін стадионның алдына көп адам жиналды

30.03.2021, 18:18 196

ШҚО-дағы испандық «Реал Мадрид» клубының тәжірибесі негізінде жаттықтыратын «Алтай» футбол орталығына қабылданған балалар баскетбол алаңында жаттығып жүр. Осы жағдайда аймақта, жалпы елімізде футбол қалай дамиды?
  

«Шығыста футбол өліп барады»


Жастарға жаттығу жасайтын жабық манеждерді айтпағанда, алаңқай болмай тұр. Тіпті, жас спортшылардың ата-аналарына футбол орталығының болашағы жоқ, жабылуы мүмкін дегенді естірткен. Осы мәселе ата-аналардың уайымына айналып, бүгін «Восток» стадионының алдына жиналды.

Қайрудинова Назия, жас футболист Тимурдың апасы:

-  Менің немерем 6-шы жыл осы Алтай футбол орталығына барады. Қазір жасы 14-те. Немерем үшін қорқамын, алаңдаймын. Себебі футболсыз өмір сүре алмайды. Ал қазір осындай жағдайда жаттығулары азайып, еш жерде жаттыға алмай жүр, балаларда кәдімгідей стресс.

Жеткіншектер қазір «Восток» стадионына кіре алмайды, себебі жалға алу құны жоғары. Сондықтан қазір олар «Құрылысшылар мәдениет үйі», «ВостокМашзавод» спорт залдарында жаттығады. Оның өзін 100 мың теңгеге жалға алып, ата-аналар қаржыландырып отыр. Дегенмен 500 баланың жаттығуына бұл спорт залдары жеткіліксіз әрі қыстың күні жаттығатын бұл спорт залдары минифутболға (4 адамнан ойнайды) арналған. Ал мини-футбол мен үлкен футбол - екеуі екі түрлі спорт. Шығыста қыс 4-5 айға созылатынын ескерсек, жасыл алаң көрмеген жастар көктем шыққанда жасыл алаңға ұзақ уақыт бойы үйренісе алмай жүреді. Шығыс Қазақстандағы талантты жастардың үлкен футболға аяқ баса алмай жатқандығының бір себебі де осы шығар.

-  Қазір жаппай спортты дамыту, жасөсіпірімдердің бос уақытын тиімді пайдалану саясатын жүзеге асырып жатқан тұста, біздің аймақта керісінше, «әне-міне» деп, клубтарды жапқалы отыр және оның себебін біз білмейміз. Бір айдан кейін жеткіншектер чемпионатқа барулары керек. Ал біздің балалардың дайындығы нашар. Себебі балаларды футбол алаңдарына жаттығуға жібермейді. Футбол алаңында жаттықпай, қалай чемпионатқа барарымызды білмейміз. Білерім – Шығыста футбол өліп бара жатыр, - деп шырылдайды жас спортшы Максимнің анасы Татьяна Бохолдина. 

Татьянаның ұлы Максимнің футбол клубына келгеніне 7 жыл болған. Осы уақыт аралығында бірнеше чемпионатттарға барып, жүлделер алып жүр. Енді міне, Максим  да, академияда айналысып жатқан 500-ден астам балалар мен жаттықтырушылардың болашағы бұлыңғыр. 

WhatsApp Image 2021-03-30 at 17.44.41 (1).jpeg

Жағдай жоқ, бірақ талап бар 


  Десе де, 2 күн бұрын ғана балалар Қапшағайдағы турнирге барып келген. Оған ата-аналар 80 мың теңге берді. Бермеске тағы болмайды дейді. Себебі балалар карантинде ұзақ уақыт шыға алмай, ешқандай ойынға қатыспаған. Алайда жетістіктері нашар.

-  Алматы, Шымкент, Қызылорда, Батыста жақта күн жылы. Олар қысы-жазы алаңдарда жаттығады. Ал бізде жағдай жоқ, бірақ талап бар. Бірақ балаларымыз өте алғыр, белсенді, жаттығады. 2 жыл бұрын әкімдікке осы мәселемен бардық, бізді жылы шығарып салды, сонымен әңгіме бітті, - дейді ата-аналардың бірі Сахариев Айдар.

Жеткіншектерді аяқдоптың әліппесінен бастап кәсіби деңгейге дейін баулып шығаратын оқу орны, еліміздегі төрт академияның бірі саналатын - «Алтай» футбол орталығындағы жағдай - осы. Жабық манеж салудың жыры - ол бір бөлек. Жыл сайын оны тұрғызуға уәде берсе де, мәселе қаз қалпында. 

- Жылдың басында тендер байқауға қатысуға өтініш бердік. Бірақ әлі үрдіс созылып жатыр. Біздің қолымыздан келер басқа амал жоқ. Осы залдарда жаттығуға мәжбүрміз. Дегенмен футбол клубы бойынша барлық дайындық бағдарламалар, әдістемелер, сабақтар жүйелі түрде өтеді. Біздегі қаражат жасөспірімдерді қамтамасыз етуге, халықаралық лицензиясы бар жаттықтырушыларды тартуға, жаттуға залдарын жалдауға, жалпы дамытуға кетеді, - дейді Алтай футбол клубының спорттық директоры Вячеслав Федоров. 

Жас спортшылардан әр өңірден қабылданған

«Алтай» футбол орталығында қазір 500-ден астам бала бар. Олар аудан және облыс қалаларынын оқушылары спортта дарынды балаларға арналған спорт мектеп интернатында тегін негізде тұрып, оқып, 3 уақыт тамақтанады. Жыл көлемінде балалар спорттық, спорт киімдерімен қамтамасыз етіледі. Естеріңізге сала кетейік, 2015 жылғы қыркүйек айында ШҚО әкімі Даниал Ахметовтің шешімі бойынша және испаниялық «Soxna» компаниясы арасындағы келісім аясында Қазақстан құрама командалары мен шеберлер командалары үшін еуропалық деңгейдегі сапалы футболшылар резервін дайындау мақсатында Өскемен қаласында «Алтай» футбол академиясы құрылды. Жасөспірім спортшыларының сапалы дайындығы үшін жергілікті жаттықтырушылар мен академияға қабылданушылар Еуропалық футбол қауымдастығының жоғарғы халықаралық стандарты бойынша оқытылады делінген. Жас ерекшеліктері бойынша (2000, 2001, 2002, 2003 ж.т) 700-ге жуық баланың ішінен болашағынан үміт күттірген 100 бала әр өңірден іріктеліп алынды. Іріктеуден өткен балаларға спортта дарынды жасөспірімдерге арналған облыстық мектеп-интернаттан орын берілді.
               

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу