KZ
Өскемен
+5°
облачно с прояснениями жел 8 м/с, СБ
523.2 594.3 6.38

ШҚО-да 200 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді

12.04.2025, 15:12 418 Төлеуғазы Жансая


Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Алтай ауданына жасаған жұмыс сапары аясында Жаңа Бұқтырма кентінде бой көтерген жаңа мектептің ашылу салтанатына қатысты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Табиғаты көркем, туризмі дамып келе жатқан Жаңа Бұқтырма кентінде бүгінде 4200-ден астам адам тұрады. Кенттің инфрақұрылымы жылдан-жылға жаңарып, әлеуметтік нысандар қатары да артып келеді. Соның айқын дәлелі – бүгін өз есігін айқара ашқан №2 Жаңа Бұқтырма орта мектебі.

Жалпы ауданы 10 775 шаршы метрді құрайтын білім ошағы мемлекеттік тілде оқытатын 200 орынға лайықталған. Оқу ордасы барлық заманауи талаптарға сай жабдықталған, мұнда оқушыларға сапалы білім алуға және жан-жақты дамуға барлық жағдай жасалған.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әрбір бала қай өңірде тұрса да, тең білім алуға тиіс екенін үнемі атап өтеді. Балалардың заманауи әрі қолайлы жағдайда оқуы – біздің басты міндетіміз. Бұл мектеп – келешекке салынған сенімді көпір. Осындай мектептерде саналы да білімді ұрпақ тәрбиеленетініне сенеміз, – деді облыс басшысы салтанатты рәсім барысында.

Аймақ басшысы өңірде білім саласына ерекше көңіл бөлініп жатқанын атап өтті. Өткен жылы ШҚО бойынша 10 жаңа мектептің құрылысы басталып, соның жетеуі пайдалануға берілген. Екеуі Тарбағатай ауданында оффшорлық келісімдер негізінде салынса, биыл тағы 13 мектептің құрылысы қолға алынбақ.

Қазіргі таңда Жаңа Бұқтырмада 114 оқушы білім алып жатыр. Ал кенттегі балабақшалар мен мектепке дейінгі мекемелерде 129 бала тәрбиеленуде. Биыл олардың 33-і алғаш рет мектеп табалдырығын аттамақ.

Іс-шара соңында мектеп аумағында көшеттер отырғызылды, жаңа нысанның өмірі жасыл желекпен басталды.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу