ШҚО-да Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай 150-ден астам іс-шара өтеді (видео)
2025 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының (ҚХА) құрылғанына 30 жыл толады. Осы айтулы мерейтой аясында Шығыс Қазақстан облысында ұлтаралық келісімді, мәдени әртүрлілікті және қоғамдық бірлікті нығайтуға бағытталған 150-ден астам іс-шара өткізу жоспарланып отыр. Бұл туралы облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановтың төрағалығымен өткен ҚХА Кеңесінің кеңейтілген отырысында айтылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Кеңес жұмысына облыстық ҚХА мүшелері, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, ғылыми сарапшылар мен жастар белсенділері қатысты. Жиын барысында өңір делегациясының «Бірлік пен келісім жолындағы 30 жыл» атты республикалық сессияға қатысуға дайындығы мен жыл соңына дейін жүзеге асатын бастамалар талқыланды.
Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов өз сөзінде Ассамблеяның ел ішіндегі тұрақтылық пен татулықты сақтаудағы рөліне тоқталды.
Қазіргі таңда облыста үш жоғары оқу орны мен төрт колледжде Студенттік Ассамблеялар жұмыс істейді. Этносаралық қатынастарды зерделеуге бағытталған Ғылыми-сараптамалық топ 1998 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оның құрамында 10-нан астам білікті маман – ғылым докторлары, магистранттар мен тәжірибелі сарапшылар бар.
Облыстық Достық үйінің директоры Елдар Төлеубеков кеңейтілген отырыста өңірде жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы айтып өтті.
Кеңесте жастардың қоғамдық жобаларға қатысуы, этнос өкілдерінің қазақ тілін меңгеруі үшін жағдай жасау, әлеуметтік желі арқылы мазмұнды контент тарату және тіл үйрету әдістемесін ортаға салу секілді маңызды мәселелер де көтерілді.
Сонымен қатар, өңірдің табысты жобаларының бірі – ашық аспан астындағы этноауыл музейі. Ол сол жағалаудағы мәдени кешеннің інжу-маржанына айналып, бүкіл республикаға танымал нысан болды.
ШҚО ҚХА жанындағы Ғылыми-сараптамалық топтың тәжірибесі республиканың өзге аймақтарында осындай құрылымдарды қалыптастыруға үлгі ретінде қарастырылып отыр. Бұл жұмысқа жас ғалымдар клубы белсенді түрде атсалысуда.
Жастар бастамалары да жемісті жүзеге асырылып келеді. Соның ішінде ерекше атап өтерлік жоба – ҚХА жастар және балалар театры. Ассамблеяның мерейтойына орай аталмыш театр Астана, Павлодар және Абай облыстарына гастрольдік сапарлар жасамақ. Сонымен бірге, еліміздің әр түкпірінен келген жастардың басын қосатын “Ассамблея жастары” лагері дәстүрлі түрде өткізіліп келеді.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі барлық бастамалар мен жобалар Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.
Фото: Махаббат Ахметжанова