KZ
Өскемен
+3°
облачно с прояснениями жел 6 м/с, СБ
523.2 594.3 6.38

ШҚО әкімі жас ғалымдарды Ғылым күнімен құттықтады

11.04.2025, 10:15 225 Төлеуғазы Жансая

Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде Ғылым апталығы аясында XI халықаралық конференция өтті. «Қазақстанның инновациялық дамуына жастар шығармашылығы» атты конференцияға студенттер, магистранттар, докторанттар мен жас зерттеушілер қатысып, ғылыми әлеуетті арттыру жолдарын талқылап, тәжірибе алмасты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Шараның мақсаты – жас ғалымдарды жан-жақты қолдау, кәсіби байланыс орнату және тәжірибе бөлісу. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов конференцияға қатысушыларды құттықтап, бірқатар ғалымдарға алғыс хат табыстады.

– Баршаңызды Ғылым күнімен шын жүректен құттықтаймын! Ғылым апталығы сәтті өтсін! Шығыс Қазақстан – еліміздегі ең инновациялық аймақтардың бірі. Біздің ғалымдар жаңа материалдар мен технологияларды жасап, студенттер мен жас мамандарды ғылыми жобаларға тартып, өңір мен елдің дамуына үлес қосып келеді, – деді өңір басшысы.

Ол ғылым мен инновацияны дамыту арқылы аймаққа инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу және халықтың өмір сүру сапасын арттыру мүмкін болатынын атап өтті.

Айта кетейік, ШҚТУ ғалымдары аддитивті өндіріс, материалдарды өңдеу технологиялары, геоақпараттық жүйелер және өзге де салаларда жобаларды жүзеге асырып келеді. Конференция барысында бірнеше зерттеу жұмыстары көпшілік назарына ұсынылды.

– Мен жас ғалым ретінде Ғылым апталығына белсене қатысып келемін. Менің жобам – «Шиберлі жапқыштың жұптаса қозғалатын беттерінің тозуға төзімділігін арттыру». Жобамда әртүрлі қаптау материалдарын қолдану көзделген, – деді PhD докторы, қауымдастырылған профессор Риза Ғабдысалық.

Ғалым сондай-ақ қазіргі таңда мемлекет тарапынан жас зерттеушілерге ғылыми жұмыс жүргізу үшін барлық жағдай жасалып отырғанын атап өтті.

– Республикалық байқауда жеңіске жетіп, ғылыми жұмысымды постдокторантурада жалғастыру үшін мемлекеттік қаржыландыру жеңіп алдым, – деді ол.

Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ ректоры Сәуле Рахметуллина ғалымдарды қолдау тетіктеріне гранттық қаржыландырудан бөлек, мемлекеттік тұрғын үй, жеңілдетілген ипотека және шетелдік ғылыми тағылымдамалар кіретінін атап өтті. Бұл – ғалымдардың халықаралық әріптестік орнатуына да зор мүмкіндік.

Фото: Махаббат Ахметжанова 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу