Туризм: Үкімет ұсынған жаңа шаралар
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының туризм саласын дамыту мәселелері жөніндегі тапсырмаларының жүзеге асырылу барысы қаралды. Үкімет мүшелері еліміздің туризм секторында атқарылған жұмыстар мен болашақ жоспарларды талқылап, бірқатар жаңа бастамаларды қолдады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Туризм және спорт министрлігінің мәліметіне сәйкес, 2024 жылы еліміздегі туризм саласы тұрақты өсім көрсетті. Ішкі туристер саны 10,5 миллион адамға жетіп, бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 900 мың адамға артты.
Үкімет отырысында тағы бір маңызды бастама көтерілді – облыс әкімдіктеріне елді мекендерден тыс жерлерде, оның ішінде ұлттық парктер аумағында туристік инфрақұрылым салу бойынша өкілеттіктер беру ұсынылды. Бұл өзгеріс туристік дестинациялардың инфрақұрылымын дамытуға және Қазақстанның аймақтарында туризмнің өркендеуіне жол ашады. Парламентте осы өзгерістерге қатысты заңнамаға түзетулер қаралып жатыр.
Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов атап өткендей, бұл шара өңірлерде туризмді дамытуға ықпал етіп, жергілікті басқару жүйесінің тиімділігін арттырады. Сонымен қатар, жеке бюджеттік бағдарлама арқылы туристік инфрақұрылымның құрылысын қаржыландыру мәселесі де қарастырылуда. Қазақстанда қазір тек бес өңірде жеке туризм басқармалары бар, тағы екі өңірде бұл басқармаларды құру бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Агротуризмнің даму әлеуеті
Қазақстанда фермерлерге өздеріне тиесілі жер телімдерінде агротуризммен айналысуға рұқсат берілмек. Бұл бастама ауыл шаруашылығын қолдау және туризмді дамыту мақсатында жүзеге асырылуда.
Агротуризм – ауылдық аймақтарда туристерге шаруашылық өмірмен танысуға, табиғат аясында демалуға және ұлттық дәстүрлер мен тағамдарды көруге мүмкіндік беретін бағыт.
Фермерлер үшін бұл жаңа кәсіпкерлік мүмкіндіктер ашып, ауыл тұрғындары үшін жұмыс орындарын құруға жол ашады. Қазіргі таңда елімізде 200 мыңнан астам шаруа қожалығы бар, бұл сектордың дамуы ауыл экономикасын нығайтуға және туризмнің жаңа саласын дамытуға мүмкіндік бермек.
Қонақүй қызмет көрсету сапасын арттыру үшін елімізде қонақүйлерді жіктеу жүйесіне реформа жасалмақ. Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың айтуынша, 2008 жылдан бері қолданылып келе жатқан қонақүй жіктеу критерийлері халықаралық стандарттарға сәйкес келмейді, сондықтан оларды жаңарту қажеттілігі туындады. Бұл өзгерістер қонақүй бизнесінің әлемдік үрдістеріне сәйкес келуіне ықпал етеді.
«Жасыл дәліз» тетігі енгізіледі
Ұйымдасқан туристік топтардың сапарын жеңілдету үшін шекаралық пункттерде «жасыл дәліз» тетігін енгізу ұсынылды. Бұл тетік қазір Ресей мен Қырғызстан шекарасында пилоттық режимде жұмыс істеп келеді және Қазақстанда да осындай жүйе енгізілмек.
Қазақстанның ұлттық парктері мен экотуризм саласы да дамып келеді. 2024 жылдың қорытындысы бойынша еліміздің 14 ұлттық паркінде 2,8 миллион турист болған. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 18%-ға артқан. Алдағы уақытта барлық ұлттық парктерде негізгі туристік инфрақұрылымды жақсарту және жаңа сапар-орталықтарын салу жоспарлануда. Сонымен қатар, экотуризмді дамыту үшін визит-орталықтар да жаңартылып, цифрландыру процестері жүргізілмек. Шетелдік туристерді есепке алу және статистика жүйесін жетілдіру үшін Ұлттық статистика бюросына ұялы байланыс операторларының деректеріне қол жеткізу ұсынылады.
Шығыс Қазақстан облысында туризмді дамыту мәселелері бойынша Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді. Бұл жоспар өңірдің туризм саласының қарқынды дамуына бағытталған бірқатар маңызды шараларды қамтиды. Құжатта инфрақұрылым мен бас жоспарларды әзірлеуден бастап, инвестициялық тартымдылық пен туризмдегі цифрлық технологияларды дамытуға дейінгі мәселелер қарастырылған.
Марқакөл қорығы: 10 жаңа туристік соқпақ
Биыл қолданыстағы туристік маршруттар мен соқпақтарға түгендеу жұмыстары жүргізіліп, жаңа бағыттар әзірленбек. Экология және табиғи ресурстар министрлігімен келіссөздер нәтижесінде Марқакөл мемлекеттік табиғи қорығы аумағында 10 туристік соқпақ құру туралы келісімге қол жеткізілді. Алайда бұл мәселе 2024 жылдың тамыз айынан бері шешімін таппай келеді. Шығыс Қазақстанның туристік қауымдастығымен өткен кездесуде аталған іс-шаралар жоспарын жүзеге асыруда олардың қолдауына ие болды.
Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановтың жетекшілігімен өткен жиында аймақтың туристік әлеуетін арттыру бағытында түрлі бастамалар көтерілді. Шығыс Қазақстан облысы 2029 жылға дейін 650 мың турист тартуды қолға алды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен 200 мың адамға көп. Облысқа келген туристердің саны 2024 жылы 428 мыңға жетіп, оның 18 мыңы шетелдіктер болды.
Өңірге салынған инвестиция көлемі 15 миллиард теңгені құрады, нәтижесінде 5 люкс экоқонақүй мен туристік база құрылысы аяқталды. Туристік бағыттарға апаратын 121 шақырым жол жөнделіп, биыл танымал туристік нысандарға дейінгі кішігірім жол учаскелерін асфальттау жұмыстары басталады.
Туризм фестивальдері халықаралық деңгейде
Шығыс Қазақстан облысында туризмді дамыту аясында түрлі фестивальдер мен шаралар өткізілуде. Қазіргі уақытта Катонқарағайдағы халықаралық «Рафтинг фестивалін» және Ұлан ауданындағы «Шығыс салбурыны» фестивалін Дүниежүзілік туристік ұйымның іс-шаралар тізіміне енгізу мәселесі қарастырылуда. Бұл іс-шаралар туристерді тартудың тиімді құралы болып табылады.
2024 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 27 жобаға 468 миллион теңге несие берілді. Бұл жұмыс күшейтіліп, биыл аудандық туристік жобаларды қолдауға 1,5 миллиард теңге бөлінетін болады. Бұл ауылдық жерлерде туризмді дамыту мен жергілікті тұрғындарға жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Туризм саласындағы заңсыздықтарға бақылау күшейтілді
Алайда аймақта салықтық және статистикалық есептіліктен жалтарған көптеген кәсіпкерлер көлеңкелі экономикада жұмыс істеуде. Өткен жылы Ұлан, Алтай және Самар аудандарындағы туристік аймақтарда жүргізілген тексерістердің нәтижесінде 100-ден астам заң бұзушылық анықталып, олардың жартысынан көбі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша, заңсыз жұмыс істейтін туристік нысандарды бақылауды күшейту және туризмді дамытуға бөлінетін қаржыландыруды ұлғайту мәселелері қарастырылатын болады.
Шығыс Қазақстан облысы үшін туризм саласы экономикалық дамудың жаңа бағыты болып отыр. Жаңа жобалар, инфрақұрылымдық жетілдіру және ауылдық туризмді дамыту арқылы облыс шетелдік және ішкі туристер үшін тартымды бағытқа айналмақ. Аталған іс-шаралар жоспарының жүзеге асырылуы аймақта туризмді дамытудың жаңа мүмкіндіктерін ашып, өңірдің экономикалық өркендеуіне елеулі үлес қосады.