Зайсан ауданының энциклопедиясы жарық көрді
Ұлы Отан соғысының 80 жылдығы қарсаңында Зайсан ауданына арналған тұңғыш ғылыми-анықтамалық жинақ – «Зайсан ауданының энциклопедиясы» жарық көрді. Бұл еңбек – Шығыстың алтын қақпасы атанған Зайсан өңірінің бай тарихи-мәдени мұрасын, табиғи ерекшеліктерін, жануар-өсімдіктер әлемі мен көрнекті тұлғаларын танытатын бірегей басылым. Энциклопедияның авторы, Зайсан аудандық мәслихатының төрағасы Еркебұлан Зағыпаров құнды еңбектің жазылу мақсаты жайында айтып берді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Энциклопедия – көркем әдеби немесе публицистикалық еңбек емес, нақты ғылыми, тарихи, танымдық бағытта жазылған. Онда Зайсан өңірінің ежелгі дәуірден бүгінге дейінгі даму тарихы, географиялық ерекшеліктері, табиғи байлықтары мен жануарлар әлемі, сондай-ақ осы өлкеден шыққан екі мыңға жуық тұлғалар туралы мәліметтер қамтылған.
Еркебұлан Зағыпаровтың айтуынша, бұл энциклопедия – Зайсан өңірінің тұрғындарына арналған алғашқы еңбек емес. Бұған дейін Ұлы Отан соғысының 75 жылдығына орай «Әр отбасының өз батыры бар» атты әдеби жинақ жарық жарияланған. Ол кітапқа Зайсан ауданындағы оқушылар мен мұғалімдер қатысып, эсселер, өлеңдер, өмірбаяндық жазбалар ұсынып, соғыс және тыл ардагерлерінің өмір жолдарын көркем тілмен жеткізген болатын. Ол басылым екі тілде – қазақша және орысша басылып шыққан кезінде.
Басылымның тағы бір ерекшелігі – өзіміз күнделікті қолданып жүрген араб және парсы тілдерінен енген сөздердің түсініктемесі, шығу тарихы да берілген.
Энциклопедияның ресми таныстырылымы 1–5 мамыр аралығында Зайсан ауданында өтеді. Шара аясында энциклопедия салтанатты түрде аудан халқына табысталып, Ұлы Отан соғысының 80 жылдығына арналған мерекелік іс-шаралармен жалғасады деп жоспарланған.
Автор бұл еңбекті өз аталарына, майдангерлер мен тыл еңбеккерлеріне, барша Зайсан жұртына арнаған «азаматтық борышым» деп санайды. Бұл – бір өңірдің емес, тұтас ұлттың тарихы мен тағдырына деген құрметтің белгісі.