Ғылым – ұлттың шамшырағы

12 сәуір – елімізде Ғылым күні ретінде белгіленген атаулы дата. Бұл күннің Қаныш Сәтбаевтың туған күнімен тұспа-тұс келуі тегін емес. Көрнекті ғалымның есімімен байланысты бұл күн ғылым мен білімге берілер бағаның ерекше көрінісі саналады. Шығыс Қазақстан облысында ғылым саласы нақты нәтижелермен ерекшеленіп отыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Мемлекет басшысы Ғылым күні қарсаңында ғалымдармен кездесіп, кәсіби мерекесімен құттықтады. Қасым-Жомарт Тоқаев ғылымның әр саласында табысты еңбек етіп, мемлекетімізді өркендетуге атсалысып жүрген азаматтарға ризашылығын білдірді.
Осы сөздер Шығыс Қазақстандағы нақты істермен үндесіп жатқандай. Өңірдегі екі ірі университет – Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ мен Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ бүгінде ғылым мен білімнің тірегіне айналып отыр. Бұл жоғары оқу орындарында жүзеге асып жатқан ғылыми жобалар, стартаптар мен өндіріс байланысы – Президент атап өткен даму бағытының нақты көрінісі.
ШҚТУ – өнеркәсіп пен ғылымды тоғыстырған орталық
Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде 250-ге жуық ғылыми жоба жүзеге асырылуда. Олардың ішінде жоғары вольтты техникадан бастап, медицинадағы импланттарға дейінгі ауқымды бағыттар қамтылған. Университеттің травматология бағытындағы жобалары негізінде 91 адамға ота жасалып, алты түрлі имплант қолданысқа енгізілген.
Ғылымды қаржыландыру көлемі де үш есеге өсіп, бүгінде университет бюджетінің үштен бірін құрайды. «Жас ғалым» бағдарламасы аясында 32 жоба қолға алынып, жас зерттеушілер баспанамен қамтылып жатыр. Сонымен қатар, PhD индустриялық бағдарламасы, халықаралық зерттеулер мен EKTU CDIO Fab Lab секілді бастамалар университетті өндірістік-инновациялық хабқа айналдырып отыр.
ШҚУ – жас ғалымдарға мол мүмкіндік
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде соңғы төрт жылда ғылымға бөлінетін қаражат 4,2 млрд теңгеге жеткен. Университет базасында 164 ғылыми жоба іске асырылып, ғылыми жарияланымдар саны күрт артты. Жас ғалымдарды қолдау мақсатында тұрғын үймен қамту жобасы, стартап байқаулар мен халықаралық тағылымдамалар жолға қойылған.
Соңғы жылдары университет «Болашақ» бағдарламасы арқылы 20-дан астам жас зерттеушіні шетелдік тағылымдамаға жіберіп, Erasmus+ жобаларында да белсенділік танытып отыр. Бұл – жастардың ғылымға бет бұруына серпін беретін нақты қадамдар.
Ғылым – болашақ кепілі
Президент атап өткендей, ғылым мен инновация – ел болашағының кепілі. ШҚО-дағы жоғары оқу орындары бұл бағытта нақты нәтижелерге қол жеткізіп, тек республика деңгейінде ғана емес, халықаралық кеңістікте де өз орнын алуға ұмтылуда. Жас ғалымдарға көрсетіліп жатқан қолдау, ғылыми инфрақұрылымның дамуы – елдің стратегиялық бағытына сай келеді.