«Қазақстан тауы» тазарды: Өскемен жастары табиғатты қорғауға атсалысты
Өскемен қаласындағы ең көрікті жерлердің бірі саналатын «Қазақстан тауы» маңында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында сенбілік өтті. Қала қонақтарының назарын бірден аударатын бұл аймақты тазартуға жүзге жуық адам қатысты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Сенбілікке жоғары және орта оқу орындарының студенттері, түрлі қоғамдық бірлестіктер мен саяси партия өкілдері белсене қатысып, тау бөктері мен айналасын тұрмыстық қалдықтан тазартты.
ШҚО «Ассамблея жастары» қозғалысының басшысы Равиль Юнусовтың айтуынша, бұл шара жастардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттырып, қоршаған ортаға деген жанашырлық сезімін оятады.
Саяси партия өкілдері де бұл бастамадан шет қалмады. «Ақ жол» партиясының ШҚО төрағасының кеңесшісі Ерлан Сабыров сенбілікке қатысуды азаматтық парыз деп санайтынын айтты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, сенбілік нәтижесінде жүзден астам қоқыс мөшегі шығарылған.
Жалпыұлттық сипат алған «Таза Қазақстан» акциясы тек қаланың көрікті орындарын ғана емес, тұрғын үй аулаларын да қамтып жатыр. Тазалықты сақтауға үн қосқан әрбір азамат қоршаған ортаны қорғауға өз үлесін қосып келеді.
Айдос Мырзахметов
Фото: Жібек Нұрахмет