Депутат: Тарбағатайға Елбасының атын берсек қалай болады?
Депутат Тарбағатайдағы ауылға Назарбаевтың есімін беруді ұсынды, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
ШҚО Тарбағатай аудандық мәслихатының депутаты Қайрат Дакеров ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа, Премьер-министр Асқар Маминге, ҚР Мәжіліс төрағасы Нұрлан Ныңматулинге, ШҚО әкімі Даниал Ахметовке және тұрғындар назарына ашық хат жолдады,
21 наурызда жазылған үндеуде автор ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Н.Ә.Назарбаевтың есімін Ақжар ауылына беріп, ауылға аудан орталығы статусын қайтару туралы жазады.
- Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың еңбегін келешек ұрпаққа мәңгілік ету мақсатында 1997 жылға дейін шекарада жатқан бұрынғы Тарбағатай ауданы орталығы болған Ақжар ауылына аудан орталығы статусын қайтарып, қәзіргі Тарбағатай ауданы Ақсуат ауылынан Ақжар аймағын бөліп, бұрынғыша екі аудан ретінде қалпына келтіріп, Елбасымыздың атына берсе деген ұсыныс, - дейді ШҚО Тарбағатай аудандық мәслихатының депутаты Қайрат Дакеров.
Сондай-ақ автор, Тарбағатай ауданының Халқының Елбасының еңбегін жоғары бағалайтынын айтып өткен.
- Ауданымыз Қытай Халық Республикасымен шекаралас болғандықтан, Елбасымыздың көреген, сарабдал саясаты арқасында, жеке беделінің нәтижесінде, Көршілес Ресей, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан елдерімен шекарамыз нақтыланып деллимитация жасалып, Деморкацияланғанын жақсы біледі, - деп қосты депутат.
Депутаттың бұл бастамасын қоғам белсендісі, ауданның тумасы Ермек Құрманғали да қостап отыр. Бұл туралы ойын белсенді өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
- Елбасының Қытаймен шекараны шегендеп берген еңбегінің Құрметіне бір ауданды Елбасының атымен атағанда тұрған ештеңе жоқ. 1997 жылы Ақсуат ауданына қосылып кеткен Тарбағатай ауданын жеке аудан ретінде қайтарып, орталығын қайтадан Ақжар ауылы ету керек. Жаңадан құрылған ауданға Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы мерейтойы қарсаңында Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың атын беріп, Ақжар ауылына Елбасының бір еңселі ескерткішін орнату керек, - дейді қоғам белсендісі.
Сондай-ақ ауылдың ортасындағы Жамбыл көшесін Назарбаев көшесіне ауыстыру ұсынысын да жасады (Тарбағатайда Жамбыл атамыздың атында ауыл да, мектеп те бар). Қоғам белсендісінің ойынша, бұл ой іске асса, Тарбағатай халқының көші тоқтап, жаңа жұмыс орындары ашылып, шекараның шетіне халық орнығып, өріске мал толып, халық саны көбеймек.
Үндеудің толық мәтіні сілтемеде.