Әлемдік додада тұғырдан көрінген Әзілхан Ахмадиев
Осы күзде Душанбе қаласында самбо күресінен ардагер спорт шеберлері арасында өткен Әлем чемпионатында спорт саласының майталманы, шығысқазақстандық Әзілхан Ахмадиев қола жүлдегер атанды, - деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Қазақ спортының дамуына қаршадайынан елеулі үлес қосып келе жатқан азаматтар баршылық. Солардың бірі де бірегейі - Әзілхан Ахмадиев 1968 жылы 9 қарашада Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай ауданы, Топқайың ауылында дүниеге келген. Үшінші сыныптан бастап спортпен айналыса бастаған бала Әзілханның спортқа деген бейімділігі мен кәнігі спортшыларға тән шалт қимылдары Топқайың орта мектебінің ұстаздары Хаджы-Мұрат Мақұлбеков пен дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Жанарбек Слямов ағаларының назарына бірден ілінеді. Онан кейінгі уақытта Әзілханның спортқа деген сүйіспеншілігін оятып, баптап-баулыған тұлғалар осы азаматтар.
Әзілхан тынбай жасаған жаттығулары мен төккен терінің арқасында 9-сынып оқып жүрген кезінде-ақ еркін күрестен «Спорт шеберіне үміткер» дәрежесін алады. Ол кілемде жүрген жылдары еркін күрестен, қазақ күресінен аудандық, облыстық жарыстарда өз салмағында қарсыластарынан жеңіліс тауып көрмеген. Совхоз кезінде де кеңшарлар арасында ұйымдастырылған жарыстарда жігіттердің арасында бұзып-жарып бас жүлделерді иеленіп жүрді.
Топқайың орта мектебін 1986 жылы аяқтаған жас балуан әскер қатарына шақырылып, азаматтық борышын сонау қияндағы Германияда өтейді. Онда да Әзілхан өзі қалап алған сүйікті спортынан қол үзбей, жеңісті жолдарын жалғастыра жүріп «Ротаның үздік спортшысы» атанып, құрмет тақтасында тұрды.
Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып елге оралған ол, студенттік жылдарда да еркін күрес және самбо күресімен айналысты. Облыс және республика көлеміндегі үлкен додаларға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүрді. Еңбек жолын Ақсу орта мектебінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып бастаған Әзекең, бос уақытында ауылдың жас өрендерін спортқа баулып, өзі де спорттан қол үзген емес.
Сол жылдардан бастап-ақ «Сәулетай» облыстық спорттық ойындарына оқушыларын қатыстырып, қазақ күресінен аудан намысын қорғады. Еңбек жолын әрі қарай Өскемен қаласы, Зырян қаласы балалар және жасөспірімдер спорт мектептерінде жаттықтырушы боп жалғастырды.
Әзілханның баулыған спортшылары қазіргі таңда әр салада қызмет атқаруда, оның ішінде Асхат Нұрсолтанов, Аян Ауталипов, Саят Далабаев, Дарын Тоқтарбеков сынды оқушыларын атап өтуге болады. Өзінің жолын жалғастырушы Айдын Қадырбаев, Тасқын Слямбеков сынды шәкірттері бүгінгі таңда Алтай қаласындағы спорт мектебінде еркін күрестен жаттықтырушы.
2015 жылдан бастап Катонқарағай ауданына қарасты О.Бөкей атындағы Белқарағай орта мектебінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі әрі еркін күрестен жаттықтырушы болып қызмет еткен Әзілхан Қадылханұлы қазіргі кезде осы аталған мектепте директор қызметін атқарады.
Өзінің қызметімен қатар спорттық жолын бірге ала жүріп, 2023 жылы Орал қаласында өткен самбо күресінен ардагер спорт шеберлері арасында өткен Әлем чемпионатына қатысып, күміс жүлдегер атанды. 2024 жылы Ақтау қаласында өткен осы күрес түрінен Азия және Океания чемпионатының күміс жүлдегері. Осы жылы Түркістан қаласында өткен Қазақстан Республикасы чемпионатының қола жүлдегері.
Спорттағы соңғы жетістігі Душанбе қаласында қазан айында самбо күресінен ардагер спорт шеберлері арасында өткен Әлем чемпионатында қола жүлдегер атануы. Шығыстың ғана емес, дүйім елдің намысын қорғаған Әзекеңе «Жеңісті күндер көп болсын!» дейді тілеулес жұрт.