2025 жылдың соңына дейін елдегі әр ауданда отбасын қолдау орталықтарын ашу үшін құзырлы мекемелердің мамандарына арнайы семинар-тренингтер өткізілуде, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бүгін Шығыс Қазақстан облысында қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларды анықтап, оларға қолдау көрсетуді үйрететін, жедел топ пен отбасын қолдау орталықтарының заң аясындағы міндеттерін түсіндіруге бағытталған 4 күндік семинар-тренинг басталды.
- Отбасына қолдау көрсетуге қатысты заңнамаларда ауқымды өзгерістер болды. Қазіргі уақытта қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасылармен отбасын қолдау орталықтары айналысады және мобильді топтардың қызметін үйлестіру де олардың бірден-бір бағыты. Отбасын қолдау орталықтарының жұмысын жүйелеу үшін жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру бөлімдері ғана емес, білім, денсаулық сақтау, полиция қызметі бірлесе отырып кешенді жұмыс атқаруға тиіс. Осы 4 күндік семинарда біз қатысушыларға аталған жұмыстарды қалай тиімді жүзеге асыруға болатынын үйретеміз, - деді Мәдениет және ақпарат министрлігінің отбасын қолдау орталықтарының қызметін жетілдіруге бағытталған жоба жетекшісі Фарида Сағындық.
Отбасын қолдау орталықтары өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды анықтап, оларға қолдау көрсетумен айналысады. Қазір республика бойынша 49 отбасын қолдау орталықтары бар. Соның бірі – Шығыс Қазақстан облысында.
Семинарға Павлодар және Абай облыстарынан отбасын қолдау орталықтарының жұмысын үйлестіруді үйренуге арнайы мамандар келді. Өйткені қазіргі уақытта Павлодар облысында отбасын қолдау орталықтары жоқ. Ал Абай облысында мұндай орталық тек Бородулиха ауданында ғана ашылған.
- Қиын жағдайда қалған жанұяларға көмек көрсетуді үйрену үшін Өскемен қаласында өтіп жатқан семинарға арнайы келдік. Мұндағы мақсатымыз – мемлекет тарапынан қандай қолдаулар көрсетілетінін, қиын жағдайға тап болған отбасыларды қалай анықтау керектігін, мобильді топтың жұмысын дұрыс үйлестіруді үйрену және қажет жағдайда өз ауданымызда осындай орталықты ашу, - деді Абай облысы, Үржар ауданы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру бөлімінің басшысы Ләйлә Дүйсенова.
Ақерке Рағызбаева
Фото: Аяужан Утеулинова
Видео: Ермек Жиенбеков