Есірткі шегіп алып, автобус жүргізген - ШҚО
20 қаңтар күні «Автобус» жедел профилактикалық шарасы кезінде Семей қалалық полиция бөлімінің қызметкерлері есірткі шегіп алып, жолаушылар автобусын тізгіндеген 38 жастағы жүргізушіні ұстады. Патрульдық полицейлер жүргізушінің жай-күйін тексеру үшін сот-медициналық сараптамаға жіберген. Кейін жүргізушінің есірткі пайдаланғандығы анықталды. Алайда жүргізуші дәрігерлердің айтқанын жоққа шығаруға тырысқан. Аталған факт ӘҚБтК-нің 608-бабы, 1-бөлігіне негіз болып, әкімшілік хаттама толтырылды
ШҚО Полиция департаменті жолаушылар тасымалын жүзеге асыратын жүргізушілерге өздерін ғана емес, сонымен қатар жолаушылардың өмірі мен денсаулығы үшін жауапты екенін еске салады.
Бұл «Автобус» жедел-алдын алу шарасы әлі екі күн жалғасады. Ал соңғы бір күн ішінде облыста 300-ге тарта, нақтырақ айтқанда 291 қоғамдық көлік жүргізуші заң бұзған.
- Оның ішінде жолаушыларды, багажды және жүктерді тасымалдау ережелерін бұзғаны үшін 7 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке ҚР ӘҚБтК-нің 571-бабы) тартылды, ұялы телефон қолданғаны үшін – 47 (ӘҚБтК-нің 591-бабы), белгіленген жылдамдықты асырғаны үшін – 14 (ҚР ӘҚБтК-нің 592-бабы), маневр жасау ережелерін бұзғаны үшін 46 тұлға жазаланды (ҚР ӘҚБтК-нің 595-бабы), тиісті рұқсатсыз қайта жабдықтаудың 5 фактісі анықталды (ҚР Әкімшілік кодексінің 590-бабы), - деп хабарлайды ШҚО Полиция департаменті.
Техникалық ақауы бар көлікті бағытқа шығарғаны үшін автобус паркіндегі 4 лауазымды тұлға жауапқа тартылды.