Алтайда құқықтық көмек күні өтті
Алтай қаласындағы «Адалдық алаңы» кеңсесі бүгінде аудан тұрғындарының құқықтарын қорғауды және зорлық-зомбылықтың алдын алуды мақсат еткен маңызды орталыққа айналды. Халықаралық «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» науқаны аясында мұнда «Қорғаныс құқығы: алға бір қадам» атты құқықтық көмек күні өтті. Бұл – қоғамның ең өзекті мәселелерінің бірі болған тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрестегі маңызды қадамның бірі, деп хабарлайды Altainews.kz.
Іс-шараны аудан әкімінің орынбасары, әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасы Жанна Асқарова ашып, мемлекет пен қоғамның бірлесе әрекет етуінің маңызын айрықша атап өтті.
Комиссия төрағасының айтуынша, шараның басты мақсаты – халықтың құқықтық сауаттылығын көтеру, тегін мамандандырылған кеңес беріп, қиын жағдайға тап болған азаматтарға бағыт-бағдар көрсету. Яғни, зорлық-зомбылықпен күрес тек жазалау механизмімен шектелмей, алдын алу, ағарту, қолдау бағытымен қатар жүруі тиіс.
Арнайы өткізілген ашық қабылдау алаңында әр сала мамандары тұрғындарды жеке қабылдап, сұрақтарына жауап берді. Атап айтқанда, прокуратура қызметкерлері, аудандық полиция бөлімінің өкілдері, кәсіби заңгер, психолог, медицина қызметкері, үкіметтік емес ұйымдар мен мансап орталығының, жұмыспен қамту бөлімінің мамандары бір алаңға жиналып, азаматтардың мәселесіне жан-жақты, нақты, нәтижелі көмек көрсетуге атсалысты.
Алтай ауданының прокуроры Динара Всеселова құқық қорғау органдарының бұл бағыттағы жұмысына тоқталып өтті.
Полиция майоры Асқар Жылқайдаров құқықтық тетіктердің жұмыс механизміне тоқталып, қауіпті жағдайда бірден көмек сұраудың маңызын түсіндірді.
Кеңес алаңына келгендердің бірі – В. Качалова есімді қала тұрғыны. Ол көпке дейін көмек сұрауға ұялып келгенін жасырмады.
Оның мысалы – осындай шаралардың қоғамға қаншалықты қажет екенін айғақтайды. Бір адамның үнсіздігі – үлкен мәселеге айналады, ал бір қадам батылдық – өзгеріске бастайды.
Тұрғындар іс-шара барысында құқықтық және психологиялық көмек, әлеуметтік бағыттар бойынша ақпарат алды. Мамандар әрбір адамға нақты ұсыныстар беріп, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдар ұсынатын қолдау механизмдерін түсіндірді.
Мұндай бастамалар тек ақпарат тарату үшін ғана емес, қауіпсіз әлеуметтік кеңістік қалыптастыруға, билік пен қоғам арасындағы сенімді нығайтуға, ең бастысы – зорлық-зомбылықтың алдын алу мәдениетін орнықтыруға жасалған нақты қадам.
Өмірде қиын жағдайға кез келген адам тап болуы мүмкін. Бірақ маңыздысы оларға жәбірленушінің жалғыз емес, көмек әрдайым қолжетімді екенін ұғындыру.


