Өскеменде Ұлан ауданының мәдени күндері өтеді
«Туған жер - алтын бесігім» облыстық жобасы аясында 2025 жылдың 5-6 желтоқсан күндері Өскемен қаласында Ұлан ауданының күндеріне арналған мәдени іс-шаралар өтеді, деп хабарлайды Altainews.kz.
Қасым Қайсеновтей Халық Қаһарманы мен Кеңес Одағының 9 батырының кіндік қаны тамған, Сәрсен Аманжолов, Зәки Ахметов, Какен Ахановтай ғалымдар шыққан, бірлігі мен берекесі жарасқан, ырысы мен ынтымағы артқан халқы бар «Ұлылардың мекені, батырлардың бесігі» болған киелі өлке - Ұлан ауданының мәдени күндері ауқымды іс-шараларға толы болмақ.
Рухани құндылыққа толы қасиетті өлкенің тарихы мен бүгінгі тұрмыс-тынысына тереңірек үңілуге шақыра отырып, арнайы қызықты бағдарлама әзірленді.
5 желтоқсан сағат: 11.00 - А.С.Пушкин атындағы облыстық кітапханада «Абай – рухани әлемнің айнасы» көркемсөз оқу байқауы өтеді. Мекен-жайы: Қазақстан көшесі, 102.
Сағат 17.00 – «Шығыс Қазақстан облыстық мемлекеттік филармониясы» КМҚК-де концерттік бағдарлама ұсынады. Мекен-жайы: Протозанов көшесі, 43.
Сағат 18.00 - Ұлан ауданының өнімдері мен қолөнер шеберлерінің көрмесі, сондай-ақ «5 жыл – бір мақсат: Шығыс Салбурыны» атты фото көрмесі өтеді. Сол уақытта «Ұлы мекен – туған елім» атты Ұлан ауданының көркемөнерпаздарының концерті ұйымдастырылады.
6 желтоқсан сағат 08.00 - 13.00 – «Altay» көтерме-тарату алаңында Ұлан ауданының өнімдерінен ауылшаруашылық жәрмеңкесі, сондай-ақ ұлттық спорт ойындары өтеді. Мекен-жайы: Жібек жолы көшесі, 6.
Сағат 10.00 – Ұлан ауданы көркемөнерпаздарының қазақ халық әндерінен шеруі өтеді.
Барлық іс-шаралар тұрғындар мен қонақтарға тегін. Ұлан ауданының әкімдігі барша өңір тұрғындарын шақырады.