Өскеменде Ольга Рыпакованың жүлделері үшін дәстүрлі турнир басталды
Өскеменде жеңіл атлетикадан Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакованың жүлделері сарапқа салынған дәстүрлі халықаралық жарыс басталды.
Осымен тоғызыншы рет ұйымдастырылып отырған додаға сегіз елдің мықтылары қатысуда, деп Altaynews.kz тілшісі.
Облыс әкімі Ермек Көшербаев турнирдің қатысушыларына сәттілік тілеп, оны ресми ашық деп жариялады.
Облыс әкімінің ізгі тілегіне үш қарғып секіруден Лондон Олимпиадасының чемпионы Ольга Рыпакова да қосылды.
Айта кетейік, биылғы турнирге Армения, Әзірбайжан, Грузия, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан мен Түркиядан жалпы саны 80-ге жуық спортшы қатысып, үш қарғып секіру, 60, 400, 800 және 1 500 метрге жүгіру, биіктікке, сондай-ақ ұзындыққа секіру, 4х200mix эстафетасы сияқты спорт түрлерінен сынға түсті. Жарыста медальдің 14 комплектісі сарапқа салынды.
Естеріңізге сала кетейік, даңқты жеңіл атлет жүлдесіне арналған бұл турнир 2015 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Алғашында тек отандық спортшылардың қатысуымен өткен доданың уақыт өте келе ауқымы кеңейіп, халықаралық турнирге айналды. Бүгінде Ольга Рыпакованың турнирі – Сontinentaltour халықаралық жеңіл атлетика күнтізбесіне енген лицензиялық жарыс. Өскемендегі бәсекеге спорттық мансабын енді ғана бастаған жастармен қатар, танымал жеңілатлеттер де қатыса алады. Сондай танымал спортшылардың бірі деп Надежда Дубовицкаяны айтуға болады. 2022 жылы Белградта өткен Әлем чемпионатында қола медальға қол жеткізген Надежданың былтырғы Жазғы Азия ойындарының қола жүлдегері және Азия чемпионы деген атақтары бар.
Фото: Аяужан Утеулинова