Шемонаихада жергілікті билік дауыл салдарын жою шараларын жедел қолға алды
Бүгін сағат 15:50 мен 16:10 аралығында Шығыс Қазақстан облысы, Шемонаиха қаласында қатты желдің (26 м/с) салдарынан Б.Момышұлы көшесіндегі №43 мекенжайда орналасқан екі қабатты мемлекеттік ғимараттың шатыры ұшып кетті, – деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
РҚБ «Шемонаиха ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы» ғимаратының шатыры 31 шаршы метр аумақта зақымданды. Аталмыш нысан 1970 жылы салынған, жалпы аумағы – 285 шаршы метр. Шатыр қос еңісті металл профильден жасалған және соңғы рет 2010 жылы жөндеуден өткен.
Сонымен қатар, Улан ауданының Саратовка ауылында орналасқан колледждің шатыры да дауыл салдарынан ұшып кеткені анықталды. Пролетарка ауылындағы орта мектепте де шифер зақымданды.
Оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ. Жергілікті билік жағдайды тұрақтандыру және шатырды қалпына келтіру бойынша қажетті шараларды жедел қолға алды.
ШҚО ТЖД тұрғындарды ауа райы ескертулеріне мұқият қарауға және қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырады.