KZ
Өскемен
-1°
переменная облачность жел 4 м/с, Ю
491.71 529.97 5.05

Өскеменде драма театрының артындағы мектептің құрылысы биыл аяқталады

8.02.2024, 18:43 270 Айна Ескенқызы

Өскемендегі «Нұрлы жол» шағын ауданында салынып жатқан  599 орындық жалпы білім беретін мектептің құрылысын «Аманат» партиясының ШҚ облыстық филиалының жанындағы арнайы комиссия тексерді.

Комиссияның құрамында Өскемен мәслихатының депутаттары, «Әділдік жолы» РҚБ басшысы, «Аманат» партиясының өкілдері, қоғам белсенділері, облыстық құрылыс, энергетика және ТКШ басқармасының мамандары, мердігер ұйымның өкілдері бар, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Нысанның бас мердігері – «АЅТ Qurylys 22» ЖШС. Құрылыс 2022 жылы басталған.

Қалалық мәслихаттың депутаты, С. Аманжолов атындағы ШҚУ ректоры Мұхтар Төлеген қазір нысанның 90 пайызы дайын екенін атап өтті. Өткен жылы мектеп пайдалануға берілуі керек еді, бірақ нысанды тапсыру мерзімі өтіп кеткен. Мердігер ұйымның өкілдері ағымдағы жылдың 1-тоқсанында құрылыс жұмыстарын толық аяқтауға және бірден мектеп жанындағы аумақ пен аллеяны абаттандыруға  кірісуге уәде берді.

- Нысанның құны 3,5 млрд теңгені құрайды, - деді Мұхтар Төлеген. – Бұл сомаға ғимарат салу ғана емес, мектепті құрал-жабдықтармен, жиһаздармен, оқулықтармен және басқа да қажетті заттармен жабдықтау кіреді.

Сонымен қатар комиссия қатысушылары құрылысшыларға құрылыс сапасына, ең бастысы балалардың қауіпсіздігіне, олар үшін қауіпсіз және жайлы жағдай жасауға назар аударуды ұсынды. Атап айтқанда, баспалдақты салғанда саңылаулардың, электр қалқандардың және балаларға қауіп төндіретін басқа да  жерлердің қауіпсіз болуын ескеру қажеттілігі айтылды.

Депутаттар бұл мектептің құрылысы нысанды облыстық білім басқармасының меншігіне бергенге дейін ерекше бақылауда болады деп сендірді.

 

 

 Фото: ШҚУ баспасөз қызметі

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив