Ауған соғысының ардагерлері толғандырған мәселелерін тілге тиек етті
Биыл Ауғанстан жерінен Кеңес әскерінің шығарылғанына 35 толды. Осыған орай Өскемендегі «Достық» үйінде Ауған соғысының ардагерлері бас қосып, дөңгелек үстел өткізді.
Дөңгелек үстелге ШҚО әкімі аппаратының басшысы Ербол Нұрғалиев қатысып, ауған соғысы ардагерлерінің ұсыныс-тілектерін тыңды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Сондай-ақ жиынға бірқатар басқарманың басшылары да қатысып, ардагерлердің сауалдарына жауап берді. Ауған соғысының ардагерлері әлеуметтік қолдау, баспана алу, ауруханаға кезексіз қаралу, қоғамдық көлікте тегін жүру қатарлы мәселелер бойынша жеңілдік қарастыру жағын тілге тиек етті.
Жиында айтылған ұсыныстар бойынша ШҚО әкімі аппаратының басшысы Ербол Нұрғалиев жауапты басқарма өкілдеріне нақты тапсырмалар берді. Сондай-ақ кездесуде тілге тиек етілген мәселелер ескерусіз қалмайтынын айтты.
Шара соңында бірқатар Ауған соғысының ардагері ШҚО әкімінің алғыс хатымен марапатталды.