Биыл қала тұрғындары үшін құрбан шалу орны болып Атығай асуының маңы белгіленді. Мал сою орнында арнайы сертификаты, яғни, медициналық рұқсат қағазы бар 40 қасапшы халыққа қызмет көрсететін болады, деп хабарлайды, Altainews.kz тілшісі.
Осыған дейін өскемендіктер бұл рәсімді Шығыс ауылының іргесінде атқарып келген.
Әдеттегідей Құрбан айт мейрамы қарсаңында бірқатар қайырымдылық шарасы ұйымдастырылады. Ұлттық спорт ойындары өтіп, балаларға базарлық таратылады. Сондай-ақ Халифа Алтай атындағы облыстық мешіттің өкілдері қарттар үйі мен балалар үйінде де іс-шаралар өткізуді жоспарлап отырғандарын баспасөз жиыны барысында айтты.
– Биыл құрбан шалу орны ретінда Атығай асуының маңы белгіленді. Ол жерде мал сою талаптарын білетін, арнайы медициналық рұқсат қағазы, яғни, сертификаты бар 40 қасапшы халыққа қызмет көрсететін болады. Біз Құрбан айт қарсаңында кәсіпкерлерден азық-түлік пен мал бағасын өсірмеуді сұрап отырмыз. Сондай-ақ тұрғындар да құрбан шалу тәртібін сақтап, ысырап қылмаса екен дейміз. Сойған малының ішек-қарынын, басын сол жерге тастап кетпеу керек. Ал онлайн құрбан шалуға арналған сайт іске қосылғанын бұған дейін де хабарлағанбыз. Сайт арқылы мұқтаж жандардың да тізімі жасалып жатыр, – дейді Халифа Алтай атындағы облыстық мешіттің өкілі Берік Кәдірұлы.
Сонымен қатар құрбан шалу орнында ветеринария және санитарлық-эпидемиологиялық қызметінің мамандары да арнайы бақылау жүргізетіндерін айтты.
– Біздің мамандар үш күн бойы құрбан шалу орнында бақылау жүргізеді. Себебі мал сою орнында санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуы маңызды. Ауылдан келген малдардың «форма-1», яғни, ветеринариялық құжаты қатаң тексеріледі. Мал сою орындарын күн сайын дезинфекциялау жағы да қадағаланады, – дейді Өскемен қалалық аумақтық инспекциясының бас маманы Мерей Қанатұлы.
Айта кетейік, құрбан шалу 16 маусым күні айт намазынан кейін басталады. Ал айт намазы таңғы сағат 6.00-де оқылады.