Құрбан айтта Халифа Алтай мешіті дастархан жаяды
Өскеменде Құрбан айт қарсаңында палау мен бауырсақ тегін таратылады, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Облыстық Халифа Алтай мешітінде 11 тамыз күні таңғы сағат 7:00-де намаз оқылады. Содан кейін мешіит ауласында түрлі мерекелік шаралар, спорттық ойындар басталады.
– Екінші күні келушілерді палау және бауырсақпен қарсы аламыз, – деді мешіттің бас имамы Ермек қажы Мұқатай.
Ал құрбан шалу рәсімі, жылдағыдай, қала сыртындағы Нұрлыкөш ауылында өтеді.
– 10 тамыздан бастап ауланы даярлаймыз. Ветеринарлық бекет болады. Етті сараптамадан өткізетін көшпелі лаборатория да келеді. Әрбір малдың ен-таңбасыз, ауыру-сырқаусыз екені және құжаттары тексеріледі, – деді «Өскемен қаласының кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімі» басшысының орынбасары Руслан Хасенов.